Әкімшілік рақымшылық жасау тек айыппұлдарға ғана қолданылады
Әкімшілік рақымшылық жасау тек айыппұлдарға ғана қолданылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Әкімшілік рақымшылық жасау ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің жаңа 889-1-бабы аясында реттеледі. Бұл тетік алғаш рет қолданылып отырғандықтан, оны іске асырудың барынша түсінікті әрі қауіпсіз жолы таңдалды. Қазіргі кезеңде рақымшылық жасау тек әкімшілік айыппұлдарға ғана қолданылады. Ол қайталанған құқық бұзушылықтарға және соттардың қарауындағы істерге қолданылмайды», делінген хабарламада.
Рақымшылық қарапайым азаматтарға, сондай-ақ жеке кәсіпкерлерге, жеке нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, адвокаттарға және заң консультанттарына да қолданылады. Жеке кәсіпкерлерді рақымшылық қамтылатын тізбеге енгізу азаматтардың экономикалық белсенділігін қолдауға бағытталған.
«Әкімшілік рақымшылық жасау соттар салған айыппұлдарға, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікке, азаматтардың өмірі мен денсаулығына және мемлекеттік мүдделерге қатер төндіретін құқық бұзушылықтар үшін салынған айыппұлдарға қолданылмайды. Атап айтқанда, жол қозғалысы қауіпсіздігі саласындағы құқық бұзушылықтар қамтылмайды. Бұл мас күйінде немесе есірткіге масаң күйде көлік құралын басқару, қарсы қозғалыс жолағына шығу және жол жүрісі қағидаларын өзге де өрескел бұзуды қамтиды. Сонымен қатар қару мен есірткі саудасы, денсаулық сақтау, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саулығы, дербес деректерді қорғау және басқа да салалардағы құқық бұзушылықтар да рақымшылық жасаудан тыс қалады», делінген хабарламада.
Әкімшілік рақымшылық жасауды қолдану үшін әкімшілік іс жүргізу бойынша бірыңғай тізілім әзірленеді. Заңнамада белгіленген критерийлер негізінде жүйе рақымшылық жасауға жататын тұлғалардың тізбесін автоматты түрде қалыптастырады. Шешім электронды форматта қабылданып, уәкілетті лауазымды тұлғаның электронды цифрлық қолтаңбасы арқылы куәландырылады. Рақымшылық жасау қолданылғаннан кейін азаматтарға цифрлық сервис немесе SMS хабарламалар арқылы хабардар етіледі. Бұл үшін мемлекеттік органдарға жеке жүгіну қажет емес.
Еске салсақ, Мәжілісте рақымшылыққа ілігетін адамдар санаты айқындалды.