Академик Асқар Жұмаділдаев күрделі есептерді шығару үшін суперкомпьютерді пайдаланады

Бүгін, 14:03
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Академик Асқар Жұмаділдаев күрделі есептерді шығару үшін суперкомпьютерді  пайдаланады
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, белгілі қазақстандық ғалым және қоғам қайраткері, академик Асқар Жұмаділдаев күрделі математикалық есептерді шешуде ҚазҰУ суперкомпьютерінің қуатын пайдаланады, деп хабарлады Elordainfo.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.

Ғалымның айтуынша, бұған дейін бірнеше апта уақытты қажет ететін есептерді ҚазҰУ-дың жоғары өнімді суперкомпьютері үш сағаттың ішінде есептеп берген.

«Менің қуатты, сегіз процессордан тұратын жеке компьютерім бар. Алгебралық есептерімді соның көмегімен есептеп жүретінмін. Алайда ҚазҰУ суперкомпьютері апталап шығаратын есептерді үш сағаттың ішінде есептеп берді. Сондықтан бұл – орасан зор күш», - деді академик Асқар Жұмаділдаев.

Академикке Суперкомпьютер орталығының мамандары есептеуге арналған серверлерді бөліп берген.

Қазіргі таңда академик жоғары технологиялық құрылғының көмегімен басқа да күрделі есептерді есептеу бағытында жұмыс істеп жатыр.

Айта кетейік, ҚазҰУ суперкомпьютерінің өнімділігі – 2000 терафлопс. Ол – әлемдегі үздік 600 суперкомпьютердің бірі. Архитектурасы Intel және NVIDIA компанияларының процессорларынан құралған, қуаты ең заманауи дербес компьютерден 10 мың есе артық.

Бұған дейін Астанада мектеп оқушыларының сабаққа психологиялық дайындығын ЖИ бағалайтынын жаздық.