Айдос Сарым: Еліміздің болашағы жаңа Конституция арқылы айқындалып отыр

Бүгін, 15:19
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Айдос Сарым: Еліміздің болашағы жаңа Конституция арқылы айқындалып отыр
Фото: Amanat партиясы

Бүгін «Жаңа Конституция – жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында партияаралық диалог ұйымдастырылды. Іс-шарада Мәжіліс депутаты, Amanat партиясы фракциясының мүшесі Айдос Сарым жаңа Ата заң жобасына қатысы өз ұстанымын білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz

Халық қалаулысы Amanat партиясы Президентіміздің саяси және қоғамдық тірегі ретінде елде болып жатқан оң өзгерістер мен конституциялық жаңалықтарды толығымен қолдайтынын мәлімдеді.

«Конституция – еліміздің берік іргетасы. Ал енді қарапайым тілмен айтатын болсақ, жаңа Конституция не үшін керек? Ол ел мен жұртқа не береді? Оның мақсаты қандай? Осы сұрақтарға жауап іздейтін болсақ, өз басым үш сөз тіркесімен ғана жауап беретін едім: ол – азат болу, ол – қазақ болу, ол – асқақ болу. Азаттық дегеніміз не? Егер еліміз азат болмаса, елімізде тұтастығымыз болмаса, егемендігіміз болмаса, біздің бүгінгі зарымыз, мұңымыз, мұратымыз, жырымыз кімге керек? Сондықтан Конституцияда еліміздің егемендігі, еліміздің тәуелсіздігі, мемлекетіміздің нығаюы басты принцип, басты қағидат ретінде шегеленіп, бекітіліп отыр», – деді ол.

Депутаттың айтуынша, азат елге азат азаматтар қажет. Азат азаматтар ғана салығын төлеп, елін қорғайды. Азат азаматтар ғана өзінің құқықтарын біледі және оны өте жақсы сақтай алады. Сол себепті азат азаматтардың әділетті еңбегі, әділетті өмірі – өте маңызды.

«Азаттық дегеніміз – азаматтардың құқықтарының қорғалуы. Әрбір сотта, әрбір мекемеде азаматтардың ойы, пікірі, құқықтары биік болуы керек. Бұл – біздің басты міндетіміздің бірі. Мына жаһанданған заманда ұлттық кодымызды, дәстүрімізді, тіліміз бен рухымызды сақтай білу арқылы мемлекетіміздің Тәуелсіздігін нығайтып, іргетасын бекіте аламыз», – деді Айдос Сарым.

Халық қалаулысының пікірінше, сол себепті де Конституцияның барлық бабында ұлттық тарихтан бастап, ұлттық тілімізді, ұлттық ділімізді насихаттайтын нормалар қамтылған. Преамбуланың алғашқы сөзінен бастап, құжаттың бүкіл өн бойында осының барлығы нақты әрі жүйелі түрде жазылды.

«Ең бастысы – еліміздің болашағы осы Конституция арқылы айқындалып отыр. Ендігі үлкен мәселе – асқақтық мәселесі. Біз асқақ ұлт болуымыз керек. Біз жаңа Конституцияны жазған кезде преамбуласынан бастап, тарихымызды атап өттік, бүгінгі күнімізді атап өттік. Ал болашағымыз қандай болады деген сұраққа Конституция нақты жауап беріп отыр. Біз тұңғыш рет Конституциямызда инновация, білім, ғылым мәселесін үлкен мемлекеттік саясаттың негізі деп таныдық. Біз Конституциямызда тұңғыш рет әлемде алғашқылардың бірі болып өзіміздің цифрлық құқықтарымызды айқындадық. Біздің күнделікті өміріміз қалай қорғалса, цифрлық өміріміз де солай қорғалуы керек деп есептейміз. Осының барлығы – біздің елдің болашақ бағыт-бағдарын, оның қайда дамитынын, қалай өрбитінін айқындайтын дүниелер», – деді ол.