Ташкент қаласында Орталық Азия елдерінің мәдениет министрлерінің алғашқы кездесуінде Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Орталық Азияның бірыңғай цифрлық платформасын құруды ұсынды, деп хабарлады Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Аида Балаева бұл алғашқы кездесудің Орталық Азия елдері арасындағы мәдени ынтымақтастық тарихындағы маңызды кезең екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл кездесу өңір елдерінің мәдени байланыстарын нығайтып, өзара ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге деген ортақ ұмтылыстың айқын дәлелі.
«Бүгінде алдымызда мәдени кеңістіктің дамуына қосымша серпін беретін нақты шаралар мен бастамаларды келісіп қабылдау міндеті тұр», – деп атап өтті министр.
Аида Балаева Орталық Азияның мәдени күнтізбесін әзірлеу бастамасын ұсынды. Бұл құжат өңірдегі маңызды мәдени шараларды жүйелеуге және біріктіруге мүмкіндік береді.
Министр сондай-ақ Орталық Азияның Мәдени турне платформасын іске қосуды ұсынды. Бұл механизм өңірлік гастрольдік бағдарламаларды, ретроспективалық көрмелерді және архивтік фильмдерді міндетті түрде цифрландыруды көздейтін аймақаралық кинокөрсетілімдерін жыл сайын тұрақты түрде өткізуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге министр ғылыми және тарихи ынтымақтастықты дамыту мәселесіне де ерекше тоқталды.
«Орталық Азия елдерінің ғылыми, деректі және әдеби архивтік материалдарының көшірмелерімен алмасу бойынша ауқымды әрі өзара тиімді ынтымақтастық орнату да пайдалы болар еді. Өз тарапымыздан бізде бар, сіздердің елдеріңізге қатысты материалдарды бөлісуге дайынбыз. Мұндай алмасу өңірдің тарихы мен мәдениетін зерттеуде күш біріктіруге, бар олқылықтарды толтыруға, жекелеген оқиғалардың жаңа қырларын ашуға, сондай-ақ көрнекті тұлғалардың еңбегіне неғұрлым толық әрі объективті баға беруге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Аида Балаева.
Сөз соңында министр Орталық Азияның бірыңғай цифрлық платформасын құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бұл заманауи креативті индустриялар маркетплейсі қолөнершілерді, дизайнерлерді, зергерлерді және шығармашылық саланың басқа да өкілдерін насихаттауға арналған орта болмақ.