7 миллионға жуық бала «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасынан қаражат алды – Президент
Балаларды қорғау және олардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау – мемлекет саясатындағы негізгі басымдықтардың бірі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Тамыз конференциясы айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.
«ЮНИСЕФ Қазақстанның осы салада Орталық Азия елдеріне ғана емес, Еуропадағы бірқатар мемлекетке үлгі бола алатынын мәлімдеп отыр. Бұл халықаралық ұйымға ризашылығымды білдіремін. Шын мәнінде, біз бұл бағытта көп жұмыс атқардық. 2024 жылдан бері «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында 7 миллионға жуық баланың есепшотына қаражат аударылды. 2024 жылы – 695,5 миллион доллар, 2025 жылы – 888,8 миллион доллар, 2026 жылы – 901,7 миллион доллар болды. Бұл жұмыс еліміздің үлкен жетістігі екені сөзсіз. Көптеген мемлекет балаларға арналған осындай ауқымды қолдау саясатын жүргізе алмай отыр», – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент жыл басынан бері «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы жүзеге асырыла бастағанын атап өтті. Құжатта өскелең ұрпақты қолдауға бағытталған негізгі шаралардың барлығы қамтылған.
Барлық өңірде балалардың құқықтарын қорғау басқармалары мен психологиялық қолдау орталықтары құрылды. Бұған қоса, инклюзивті білім беру жүйесі қарқынды дамып келеді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы бұл бағытта шешімін таппаған мәселелер бар екенін айтты.
«Мәселен, ақпараттың шамадан тыс көбейіп кетуі қоғамға, соның ішінде жас ұрпаққа кері әсерін тигізе бастады. Мұндай ахуал азаматтардың жұмыс қабілетін төмендетеді. Бұл, әсіресе, болмыс-бітімі енді қалыптасып келе жатқан балалар үшін өте қауіпті», – деді Президент.
Бұған дейін Президенттің балалар мен педагогтердің ЖИ-ді дұрыс қолдануын қамтамасыз ету қажет екенін айтқан болатын.