4 млрд теңге шығын келтірген: Күдікті Грузиядан экстрадицияланды
Аса ірі мөлшерде ұрлық жасағаны үшін айыпталған Қазақстан азаматы қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін Грузиядан экстрадицияланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz. Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Экстрадициялауды Бас прокуратура мен Қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлері Қазақстанның Грузиядағы елшілігінің қолдауымен жүзеге асырды.
Күдікті компания басшысы болған кезінде бір топ адаммен алдын ала сөз байласып, мемлекеттік сатып алу нормасын қолданбай, спутниктік және телекоммуникациялық жабдықты жалға алудың заңсыз шартын жасап, қаражатты жымиқырғаны анықталды.
Қылмыстық әрекеттің салдарынан «Транстелеком» АҚ арқылы мемлекетке 4 миллиард теңгеден астам шығын келген. Күдікті жауапкершіліктен бой тасалағаннан кейін оған халықаралық іздеу жарияланды.
«Ол наурыз айында Грузия аумағында ұсталып, Бас прокуратураның сұрауы бойынша елімізге экстрадицияланды. Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды», делінген хабарламада.
Оған тағылған айып бойынша қылмыстық заңнамада мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Еске сала кетсек, таяуда тағы бір қазақстандық Грузиядан экстрадицияланды, ол қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген күдікпен іздеуде жүрген.