Жетісу облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Ішкі істер министрлігі және Астана қаласы полиция департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп елордадан Талдықорған қаласына ірі көлемде психотроптық заттарды жеткізу арнасының жолын кесті, деп хабарлайды Elordainfo.kz. Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Полиция қызметкерлеріне тыйым салынған заттардың жеткізілетіні туралы ақпарат түскен. Кейін заңсыз тасымалдауға қатысы бар адамдар анықталды.
Астана қаласында полиция қызметкерлері Тараз қаласының тумасы, 32 жастағы ер адам басқарған Geely автокөлігін тоқтатты. Көлікті тінту барысында артқы жолаушы орындығының астынан ұнтақ заты бар екі орама табылды.
Тергеу барысында 2 келі 148 грамм мефедрон және 506 грамм α-PVP психотроптық заты тәркіленді. Алайда жедел жұмыс мұнымен аяқталған жоқ.
Ұсталған адам таратуға арналған психотроптық зат жасырылған орынды көрсетті. Сол орынды тексеру кезінде полиция қызметкерлері тағы 992 грамм α-PVP психотроптық заты салынған ораманы анықтады. Осылайша, заңсыз айналымнан жалпы салмағы 3 келі 646 грамм психотроптық зат тәркіленді. Осыған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Күдікті қамауда отыр.
Еске слаа кетсек, Telegram дүкені арқылы есірткі сатқан бес адам сотталды.