Референдум-2026

30 маусым – ұшқышсыз авиация мамандарының кәсіби мерекесі

30 маусым – ұшқышсыз авиация мамандарының кәсіби мерекесі
Фото: Қорғаныс министрлігі

Бүгін Қазақстан Қарулы күштерінде ұшқышсыз авиация мамандарының кәсіби мерекесі аталып өтіп жатыр. Бұл күн 2022 жылғы 30 маусымда Қарулы күштер Бас штабының Ұшқышсыз авиациялық жүйелерді дамыту және қолдану департаменті құрылған күнге орай белгіленген, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, аталған департаменттің құрылуы ұшқышсыз авиациялық технологиялардың қарқынды дамуы, оларды қолдану ауқымының кеңеюі және қазіргі әскери қақтығыстар сипатының өзгеруімен байланысты болды.

Бүгінде ұшқышсыз авиациялық жүйелер барлау жүргізу, әскерді басқару, қарсыласты оқпен жою, жүк жеткізу сияқты маңызды міндеттерді атқарады. Сонымен қатар олар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жою жұмыстарына да кеңінен тартылып келеді.

Қазақстан Қарулы күштерінің қару-жарағында «шағын» деңгейден «оперативтік-стратегиялық» деңгейге дейінгі әртүрлі кластағы ұшқышсыз авиациялық жүйелер бар. Олардың сенімділігі мен тактикалық-техникалық мүмкіндіктерін жетілдіру мақсатында тұрақты түрде сынақтар мен тәжірибелік-әскери жұмыстар жүргізіледі. Сондай-ақ елімізде мұндай жүйелерді өндіріске енгізу мәселесі де пысықталып жатыр.

Ұшқышсыз авиациялық жүйелер бойынша мамандар Қорғаныс министрлігінің жоғары әскери оқу орындарында даярланады. Сонымен қатар Астана және Щучинск қалаларындағы әскери колледждерде ұшқышсыз және роботтандырылған жүйелерді пайдалану мен қызмет көрсетуге маманданған кадрлар оқытылады. Бұл бағыттағы әскери қызметшілердің біліктілігін арттыру курстары да тұрақты ұйымдастырылып келеді.

Қазіргі таңда ұшқышсыз авиация Қарулы күштердегі ең қарқынды дамып келе жатқан бағыттардың бірі саналады. Ұшқышсыз авиациялық жүйелер ведомствоаралық және халықаралық оқу-жаттығуларда барлау, нысаналарды жою және әскери әрекеттердің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету барысында өзінің тиімділігін дәлелдеп келеді.

Қорғаныс министрлігі операторлар, инженерлер мен техникалық мамандардың кәсібилігі мен әскери борышқа адалдығы елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға және ұшқышсыз авиациялық технологияларды одан әрі дамытуға негіз болып отырғанын атап өтті.

Бұдан бұрын Қазақстанның Десанттық-шабуылдау әскерлерінде ұшқышсыз авиациялық жүйелерді дамыту бағыты тұрақты ілгерілеп келе жатқанын жазған болатынбыз.