Ерлан Қарин: 15 наурыз – еліміз үшін де, әрбір азамат үшін де ерекше мәнге ие
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жаңа Конституция жобасының мән-маңызы мен мақсаты жайында айтып берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Мемлекеттік кеңесші 15 наурызда жаңа Ата заң үшін дауыс беретін күн – ел тарихындағы тағдыршешті сәт болуы мүмкін екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Конституция жобасын әзірлеуге Мемлекет басшысы ерекше атсалысқан.
«Президент Конституциялық комиссия басшылығымен үнемі кездесіп, азаматтар мен қоғамдық ұйымдардың ұсыныстарын мұқият зерделеді. Кеңесшілер және сарапшылар тобымен бірге жаңа Ата заңның мәтінімен жүйелі жұмыс жүргізді. Сондай-ақ жаңа Конституцияның негізгі тұжырымдамалық баптарының көбін Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзі ұсынды», - деді Мемлекеттік кеңесші.
1995 жылғы Ата заңды небары 12 адамнан тұратын шағын топ жабық форматта әзірледі. Олардың үшеуі – шетелдік сарапшы еді. Ал жаңа Конституцияны жазу үшін сырттан ешкім тартылған жоқ. Оны еліміздің 130 азаматынан тұратын комиссия дайындады.
«Қазіргі Ата заң көптеген жетістіктерге негіз болды. Дегенмен бүгінде Қазақстан айтарлықтай өзгерді. Біз мемлекеттілігі орныққан, халықаралық аренада өзіндік беделі бар елге айналдық. 30 жылда әлем де өзгерді, біздің қоғам да өзгерді. Бүгінде қоғамда жаңа сұраныстар, жаңа талаптар пайда болды. Осы жаңа бағыттар мен қоғамдық сұраныстардың барлығы жаңа Конституцияда көрініс тапты», – деді Ерлан Қарин.
Еске салсақ, Астанада жаңа Конституцияны қолдауға арналған форум өтті.