00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Балқаш көліне 15,4 млрд текше метр су жіберілді

Балқаш көліне 15,4 млрд текше метр су жіберілді
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Балқаш көліне өткен жылмен салыстырғанда 4 млрд текше метрге артық су жіберілді, деп хабарлады Elordainfo.kz Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.

Биыл еліміздің су қоймаларына рекордты - 75 млрд текше метрден астам су жиналды. Оның 12 млрд текше метрден астамы – тасқын суы.

Тасқын суын дұрыс бөлу су қоймаларын толтырып қана қоймай, соңғы жылдары құрғауға айналған өзендер мен көлдерге, шабындықтарға, табиғи жайылымдарға және басқа да айдындарға су жіберуге мүмкіндік берді.

Жыл басынан бері Балқаш көліне 15,4 млрд текше метр су жіберілді, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 4 млрд текше метрге артық. Оның ішінде тасқын кезінде 3,3 млрд текше метр су түсті. Жыл басынан бері Каспий теңізіне 17 млрд текше метр су келді. Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасы соңғы 10 жылда алғаш рет 100%-ға толып, 18 млрд текше метрден астам су жинады.

Су тасқыны кезінде Батыс Қазақстан облысының Қамыс-Самар көлдеріне 80 млн текше метр су жіберілді. Ұлытау облысынан Қызылорда облысына 839 млн текше метр су келді. Осының арқасында, бақылау тарихында алғаш рет бұл су Сарысу өзені арқылы Қызылорда облысының көлдер жүйесіне жетті.

Мәселен, биыл Солтүстік Аралға шамамен 2,5 млрд текше метр су жіберілді, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 400 млн текше метрге артық. Бұл ретте, Қызылорда облысының шаруалары су үнемдеу технологияларын пайдаланғандықтан 200 млн текше метрге дейін су үнемдеп, ол су Солтүстік Аралға жіберілгенін де айта кеткен жөн.

Жыл басынан бері Қызылорда облысының көлдер жүйесіне 4,7 млрд текше метрден астам су жіберілді. Салыстыру үшін, өткен жылы бұл көрсеткіш шамамен 4,3 млрд текше метр еді.

«Біз әрқашан су ресурстарын бөлуде экономиканың қажеттіліктері мен су нысандарының экожүйесін қолдау арасындағы дұрыс тепе-теңдікті іздейміз. Биыл шаруалар мен басқа да су пайдаланушыларға кері әсерін тигізбестен үлкен және шағын су айдындарын сақтау және қалпына келтіру бойынша үлкен жұмыс атқарылды. Мысалы, өткен суару кезеңінде еліміздің шаруа қожалықтарына шамамен 11 млрд текше метр су берілді. Оның ішінде суды сауатты басқару және тұтынуға басымдық беретін жаңа нормативтік-құқықтық база құру есебінен де нәтижеге жетуге ниеттіміз»,- деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.