Жемқорлықпен күрес: Тегін дәрі-дәрмектерді беру жүйесіне өзгеріс енгізіледі
Абай облысында денсаулық сақтау саласына жүргізілген жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау барысында бірыңғай дистрибьютордың медициналық препараттарды уақытылы жеткізбеу фактілері анықталды, деп хабарлады Elordainfo.kz ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сілтеме жасап.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл тәжірибе тегін дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігіне және пациенттердің оларды өз қаражатына сатып алуына алып келді.
Медициналық мекемелерде нақты жағдайды жасыру үшін «жалған рецепттер» жазылған. Құжаттарға сәйкес пациенттер дәрі-дәрмектермен толық қамтамасыз етілген.
Талдау қорытындысы бойынша Абай облысының барлық емханаларында EGOV Mobile қосымшасының «Әлеуметтік әмиян» бөлімінде QR-код арқылы пациенттерге тегін дәрі-дәрмек беру жүйесі енгізілді.
Қазіргі уақытта бұл дәрі-дәрмектерді алудың балама әдісі табылды, ол қазірдің өзінде оң нәтиже көрсетуде.
QR-код арқылы пациенттерге тегін дәрі-дәрмек беру жөніндегі жоба іске қосылды және барлық республика бойынша масштабталды.
2024 жылы пациенттер санының 14%-ға өсуіне қарамастан (2023 ж. – 77,6 мың, 2024 ж. – 88,8 мың), Абай облысында жазылған рецепттер санының 24,8 мыңға төмендеуі байқалады (2023 ж. – 707,6 мың рецепт, 2024 ж. - 682,4 мың рецепт).
«Заманауи цифрлық шешімдерді енгізу жалған рецепттерді шығару, дәрі-дәрмектерді жымқыру қаупін едәуір азайтып, бюджет қаражатын үнемдейді», - делінген хабарламада.