Жастарға шағын несие беруге қабылданатын кепіл түрлерінің тізбесі кеңейтілді
Бүгінгі күннен бастап жастарға 2,5 пайызбен жеңілдетілген шағын несие беру үшін қабылданатын кепілді мүлік түрлерінің тізбесі кеңейтілді, деп хабарлады Elorda.info Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Шағын несие алу үшін кепіл ретінде келесі тізімдегілер қосымша ретінде қабылданады:
- екінші деңгейдегі банктердегі шоттарда орналастырылған ақша қаражаты;
- республикалық маңызы бар қалаларда, облыстық маңызы бар қалаларда, аудан орталықтарында, облыстық және аудандық бағыныстағы қалаларда, сондай-ақ ауылдарда және ауылдық елді мекендерде жылжымайтын мүлік;
- жеке меншік құқығындағы/бастапқы ұзақ мерзімді өтеулі жер пайдалану (жалға алу) (егістік) құқығындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері;
- жайылымдарды суландыру және қоршау инфрақұрылымы бар жер учаскелері;
- бау-бақша өсіруге арналған жер учаскелері;
- мамандандырылған техника.
Шағын несие 21 мен 35 жас аралығындағы жас кәсіпкерлерге беріледі. Бастысы, өтініш беруші жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі керек. Олар 2,5 пайызбен 5 миллион теңгеге дейін несие алады. Несиені 5 жылға дейін өтеуі қажет
Сондай-ақ, шағын несие алушылар үшін негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең беріледі, ол шағын несие мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайды.
Кепілмен қамтамасыз етудің болуы – міндетті шарт.
Жастарға микрокредит беру бойынша толығырақ ақпаратпен және жиі қойылатын сұрақтармен https://www.agrocredit.kz сайтында танысуға болады.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалдарының мекенжайлары https://www.agrocredit.kz/ru/main/contacts/affiliates сайтында көрсетілген.