Жамбыл облысында мемлекеттік мүлікті сатып жіберген шенеунік сотталды
Жамбыл облысында «Таза-Талас» ШЖҚ КММ-і басшылығы мемлекеттік мүлікті жымқырғаны үшін 7 жылға сотталды, деп хабарлады Elorda.info.
Талас ауданы прокуратурасы жүргізген тексеріс нәтижесінде «Таза-Талас» ШЖҚ КММ-нің теңгерімінде тұрған 4 автокөліктің жалған құжаттар негізінде үшінші тұлғаларға сатылғаны анықталған.
Мемлекетке келтірілген залал мөлшері 22 млн теңгені құраған.
Аталған дерек негізінде Талас ауданының прокуратурасы ҚК 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағымен сотқа дейінгі тергеп тексеру жүргізді. Іс шеңберінде прокуратура құны 10 млн теңгені құрайтын 2 автокөлікті мемлекетке қайтарып, 7 млн теңге мемлекет пайдасына өндірді.
«Талас аудандық сотының 2024 жылғы 13 маусымдағы үкімімен «Таза-Талас» мекемесінің директоры және оның орынбасарына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым сала отырып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - делінген Жамбыл облысының прокуратурасының хабарламасында.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.