Тау-кен ісі мен геология мамандықтарына қызығушылық артып жатыр


Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан Үкімет отырысында министрлік жетекшілік ететін салалардағы кәсіптердің тартымдылығын арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ол геология саласында маусым айында (16-21 маусым) Қарқаралы оқу-геологиялық полигонында II «Сәтбаев» геологиялық Универсиадасы өткенін, оған еліміздің жетекші жоғары оқу орындары мен Семей геологиялық барлау колледжінен 100-ден астам студенті қатысқанын атап өтті.
Сондай-ақ шілде айында (8-15 шілде) Семей қаласында мектеп оқушылары арасында II Республикалық далалық геологиялық олимпиада өткізілді, оған Қазақстанның барлық өңірлерінен 16 команда қатысты.
«Мұндай іс-шаралар ерте кәсіби бағдарлауға, мамандыққа қызығушылықты қалыптастыруға, дарынды жастарды анықтауға және отандық геологиялық білімнің халықаралық беделін нығайтуға ықпал етеді. Тау-кен ісі мен геология мамандықтарына деген қызығушылық артып келуде. Егер бұған дейін жыл сайынғы бітірушілер саны 1,2 мың адам болса, соңғы екі жылда бұл көрсеткіш жыл сайын 3 мыңнан асуда. Сонымен қатар түлектердің 98%-ы өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасуда», - деп атап өтті Иран Шархан.



