Министрлік өкілдері суармалы судың әділ бөлінуін бақылауына алды


Қазақстанның оңтүстік аймақтарында Су ресурстары және ирригация министрлігі мен «Қазсушар» РМК-ның филиалдарының мамандары жергілікті атқарушы органдармен бірге суармалы судың әділ бөлінуін тәулік бойы бақылау мақсатында түнгі кезекшіліктерге шығып жүр, деп хабарлады Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кезекшілік шілде айының басында басталды.
Қазіргі таңда диқандарға су кезекпен беріліп жатыр. Су ресурстары шектеулі болғандықтан, суды бөлу кезінде ең алдымен магистральдық каналдардың төменгі бөлігінде орналасқан шаруа қожалықтарына басымдық беріледі. Бұл ретте су тек «Қазсушар» РМК-мен тиісті келісімшарт жасаған шаруаларға ғана беріледі.
Биыл суару кезеңінің басынан бері Қазақстанда ауыл шаруашылығының қажеттілігіне 8 млрд текше метрден астам су пайдаланылды. Оның шамамен 7,7 млрд текше метрі оңтүстіктегі бес өңірге тиесілі. Бүгінгі таңда Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстарында 793 мың гектардан астам жер суарылды.
«Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде суармалы судың әділ бөлінуін қамтамасыз ету мақсатында министрлік төрт жұмыс тобын құрды. Бұл топтар каналдар мен басқа да су нысандарын тұрақты түрде бақылауда ұстап отыр. Сонымен қатар су заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілік күшейтілді, суармалы суды пайдалану ережелері қабылданды. Жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл күшейтілді. Бұдан бөлек, су кезекпен беріліп, диқандармен түнгі суару мен егіс айналымына көшу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оңтүстік өңірлердегі вегетация кезеңі барысы министрліктің тұрақты бақылауында», - деді Су ресурстары және ирригация министрінің кеңесшісі Нұрмұхаммед Ниязбеков.
Еске сала кетейік, Қазақстанның оңтүстігінде суару кезеңі 20 күнге ерте басталды. Бұған себеп — ауа температурасының жоғары болуы және жауын-шашынның болмауы.



