Шетел азаматтарының Қазақстан банктеріне берешегі 120 млрд теңгеден асады
Шетел азаматтарының Қазақстан банктеріне берешегі 120 млрд теңгеден асады. 2 мыңға жуық жеке және 42 заңды тұлға отандық қаржы ұйымдарынан несие алған. Бұл туралы бүгін Сенаттың жалпы отырысында Сергей Карплюк айтты, деп хабарлады Elorda.info.
Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттері арасында несие мәліметін алмасу тәртібі айқындалмаған, деп жазады Almaty.tv. Демек, Одаққа мүше елдердің азаматтары кез келген мемлекеттің екінші деңгейлі банктерінен қарыз алуға құқылы. Қаржылық қалыпты ретке келтіру үшін жоғары палата бүгіннен бастап несие тарихы бойынша мәлімет алмасу құжатын күшіне енгізіп отыр.
Бұл жерде несие тарихы маңызды. Оны бөлісу не үшін қажет? Біріншіден, бұл адал қарыз алушылар үшін банктік қызметтерге қолжетімділікті арттырады. Басқаша айтқанда, оларға Еуразиялық одақтың кез келген елінің банкінен несие алу оңайырақ болады. Екіншіден, бұл қаржы ұйымдарына да тиімді. Сол арқылы олар өз тәуекелдерін азайтады. Келісім алмасу тәртібін және берілетін ақпараттық тізбесін қамтиды. Бұған мыналар кіреді: кредиттік есеп беру туралы сұрау салу, кредиттік есептің өзі, кредиттік тарих субъектісінің келісімі, сондай-ақ оның дауласуына қатысты құжаттар, - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сергей Карплюк.