00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Сенатта ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды сақтау мәселелері талқыланды

Сенатта ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды сақтау мәселелері талқыланды
Фото: parlam.kz

Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары Экология және табиғи ресурстар министрлігінің басшылығымен кездесті. Жүздесуде ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғау мәселелері талқыланды, деп хабарлады Elorda.info.

Сенаторлар қазіргі қоғамда бұл тақырыптың маңызы арта түскенін атап өтті. Соңғы жылдары рұқсат етілмеген полигондар көбейіп, сирек кездесетін өсімдіктер мен табиғи ресурстарды жою оқиғалары жиілеп кеткен болатын. Сондықтан да қазіргі кезде жұртшылық өкілдері қоршаған ортаны, флора мен фаунаны қорғауға байланысты мәселелерді қызу талқылауда.

Қазіргі уақытта елімізде мемлекеттік 14 ұлттық табиғи парк, мемлекеттік 10 табиғи қорық және мемлекеттік 7 табиғи қорық, мемлекеттік 5 табиғи аймақ бар. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жалпы ауданы 29,3 млн гектарды құрайды, бұл – еліміз аумағының 10,77%-ы болып отыр.

Бүгінгі отырыс барысында ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ету саласын заңнамалық реттеу мәселелері қаралды, флораны сақтау мәселелері көтерілді. Сондай-ақ өрт және табиғи апаттарға байланысты проблемалар да айтылды, табиғи ресурс әлеуетін ұтымды пайдалану жолдары және басқа да маңызды мәселелер талқыланды, - деді сенатор Әли Бектаев.

Кездесуге Экология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Нұркен Шәрбиев, сондай-ақ Бурабай, Іле-Алатау ұлттық табиғи парктері мен Марқакөл табиғи қорығының басшылығы қатысты.

Сенаторлар шара барысында айтылған ұсыныстар пысықталатынын және Үкіметке жіберілетін ұсынымдар тізбесіне енгізілетінін атап өтті.