Президент Киевте өлтірілген журналист ісінің тергеу амалдарын жіті бақылап отыр
Бұл туралы Президенттің кеңесшісі-баспасөз хатшысы Берік Уәли әлеуметтік парақшасында жазды, деп хабарлады Elorda.info.
Мемлекет басшысы Киевте Қазақстан азаматы Айдос Садықовқа жасалған қастандыққа қатысты тергеу амалдарын жіті бақылап отыр.Президенттің тапсырмасына сәйкес Қазақстанның құқық қорғау органдары қылмыстық істің мән-жайын анықтау үшін шұғыл шаралар жүргізіп жатыр.
Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарына күдіктілердің қазіргі мекенжайын анықтап, тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. Қазақстан тарапы Украинаның құқық қорғау құрылымдарымен, оның ішінде Интерпол жүйесі бойынша бірлесе жұмыс істеуге дайын,- деп жазды Берік Уәли.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Киевте журналист Садықовқа жасалған қастандыққа қатысты мәлімдеме жасаған еді.
Елімізде Заң үстемдігін нығайтып жатырмыз, яғни, барлық салада, ең алдымен, Заң үстемдігін қамтамасыз ету – басты міндет. Бұл мәселе бойынша менің көзқарасым – айқын. Мұны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Қазақстанда Заң мен тәртіп бәрінен биік тұруға тиіс. Сондықтан қоғамдағы барлық қарама-қайшылықтар мен келіспеушіліктерді тек қана құқықтық тұрғыдан, яғни тиісті Заңнамаға және негізгі халықаралық нормаларға сәйкес шешу қажет. Кеше Қазақстан азаматы Айдос Садықовқа қатысты Киевте болған қылмысқа да дәл осы ұстаным тұрғысынан қараған жөн. Мен дипломатиялық арналар мен құқық қорғау органдары арқылы осы оқыс оқиға бойынша ресми сұратулар жіберу туралы нақты тапсырма бердім. Сондай-ақ қажет болған жағдайда Қазақстанның ресми органдары істің ақиқатына жетуге жәрдем беру үшін тергеу жұмысына қатысуға дайын екенін айтқым келеді, – деді Президент.
Еске сала кетейік, 18 маусымда Киевте Қазақстанда іздеуде жүрген журналист Айдос Садықовты атып кетті. Киев прокуратурасы қасақана кісі өлтіруге оқталу фактісі бойынша тергеуді бастады.