00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Президент Алматы қаласының әкімін қабылдады

3 маусым, 2024
Сабина Кәкімжан Сабина Кәкімжан
Президент Алматы қаласының әкімін қабылдады
Фото: akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлады Elorda.info Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Ерболат Досаев Алматының биылғы қаңтар-сәуір айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын ала қорытындысы жөнінде есеп берді.

Шаһар басшысы Алматы экономикасының негізгі салаларындағы өсім қарқыны жоғары болғаны туралы баяндады.

Атап айтқанда, көлік қызметінің көлемі 17,5 пайызға, құрылыс 5,7 пайызға және байланыс бағыты 4,4 пайызға өскен. Мегаполис экономикасына 360 миллиард теңге жеке инвестиция тартылған. Өсім 5,8 пайызды құраған.

Биыл сәуір айында Алматыдағы жылдық инфляция 9,1 пайызға дейін бәсеңдегені жайында мәлімет берді. Жыл басынан бері 19,5 мың жұмыс орны ашылған. Бұл жұмыссыздық деңгейін 4,7 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік берген;

Шаһардағы кейбір аудандарды сумен тұрақты қамтамасыз ету үшін қабылданып жатқан шаралар туралы айтты. Биыл ақпан айында қаланың жоғарғы бөлігін сумен қамту жөніндегі резерв схемасын жасау жұмыстары басталған. Құрылысты осы жылдың 1 шілдесіне дейін аяқтау жоспарланып отыр. Ал «Балқаш» таза су резервуары пайдалануға беріліп, «Юбилейный», «Каменское плато» және басқа да аудандарға су жеткізіле бастаған;

Алматының көлік құрылымын қалыптастыру аясында қолға алынған жобалар топтамасының жүзеге асырылу барысы туралы баяндады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы экономикасын әртараптандыру үшін инвестиция тарту, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және инфляция мөлшерін одан әрі төмендету жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Сондай-ақ қаланы сумен қамту мәселесін айрықша бақылауда ұстау қажет екенін айтты.