«Орталық – Батыс» көлік дәлізінің құрылысы басталды

14 маусым, 2025
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
«Орталық – Батыс» көлік дәлізінің құрылысы басталды
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметінен

Қостанай облысында «Орталық – Батыс» автожол дәлізінің құрылысы басталды, деп хабарлады Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 

Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында қолға алынды және еліміздің көлік инфрақұрылымын дамыту мен транзиттік әлеуетін арттыру жөніндегі Үкімет жоспарларына енгізілген.

Құрылыс жұмыстары бір уақытта екі нүктеде – Қостанай облысының Арқалық қаласы мен Жанкелдин ауданына қарасты Торғай ауылында басталды. Құрылыс «Астана – Жәнтеке – Егіндікөл – Арқалық – Торғай – Ырғыз» бағыты бойынша жүргізіліп жатыр. Жолдың жалпы ұзындығы 865 шақырымды құрайды.

Жаңа жол дәлізі еліміздің орталық бөлігін батыс өңірлермен тікелей байланыстырмақ. Сонымен қатар ол Қазақстанды Транскаспий халықаралық көлік бағытына (ТХКБ) шығуға мүмкіндік береді. Жаңа бағыттың арқасында Астана мен Ырғыз арасындағы арақашықтық 573 шақырымға қысқарады.

 Құрылыс жұмыстарының барысында экологиялық мәселелерге ерекше көңіл бөлінуде. Киіктердің қоныс аудару аймақтарында жолдың көлденең профилін өзгерту қарастырылған, 1:10 еңіс жануарлардың еркін әрі кедергісіз қозғалуына мүмкіндік береді.

Құрылыстың басталуына негізделген салтанатты шараға ҚР көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев пен өңір басшысы Құмар Ақсақалов қатысты.