«Орал-Астана» бағытындағы вагондар жаңартылып жатыр
«Сарыарқа» ЖШС №58/57 «Орал-Астана (Нұрлы жол)» әлеуметтік маңыздағы бағытта жолаушыларды тасымалдайды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Серіктестік паркін жаңа жолаушылар вагондарымен жаңарту жұмыстарын жүргізіп келеді. Өткен жылдары тасымалдаушы желіге екі жаңа вагонды қосты, ал 2025 жылдың ақпан айының ортасынан бастап кезекті жаңа плацкарт вагонын іске қосады.
«Жаңа вагондар кондиционер, тоңазытқыш, микротолқынды пештермен жабдықталған. Әр салонда екі электр розеткалары және жолаушыларға арналған электронды құрылғыларды қосу үшін төрт USB қарастырылған. Жолаушылар мен пойыз бригадасы қызметкерлерінің қауіпсіздігін арттырып, заң мен тәртіптің сақталуын бақылауды қамтамасыз ету үшін вагондар бейнебақылау жүйесімен жабдықталған», - делінген хабарламада.
Алдағы уақытта қосымша тағы бір жаңа плацкарт вагоны желіге шығады.
Жалпы бұл тасымалдаушыда «Орал-Астана» бағытында 600 орындық 30-ға жуық вагон қатынайды.