Мемлекет басшысы: Қазақстан бұрын-соңды болмаған су тасқынын бастан өткерді
Мемлекет басшысы қазіргі жағдайда экология және климаттың өзгеруіне қарсы күрес салаларындағы ынтымақтастықтың өзектілігі арта түскеніне тоқталды, деп хабарлады Elorda.info Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
Біз түрлі табиғи катаклизмдердің айтарлықтай көбейгеніне куә болдық. Әлемдегі барша мемлекет бұдан орасан зор зардап шегіп отыр. Жуырда Қазақстан бұрын-соңды болмаған су тасқынын бастан өткерді. Мамандардың пікірінше, бұл табиғат апатының ауқымы жаһандық жылыну процесімен тікелей байланысты. Климаттың сын-қатерлерін жалғыз еңсеру мүмкін емес екені анық. Әлемдік қауымдастық экономиканы декарбонизациялау жөніндегі батыл қадамын жалғастыруға тиіс деп санаймын. Бірақ бұл мемлекеттердің дамуға және жаңғыруға бағытталған маңызды міндеттеріне зиянын тигізбеуі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы ішкі су көздерінің деградацияға ұшырау проблемасын шешу, жаңа су үнемдеу технологияларын енгізу жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлеуді ұсынды. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің бұл бағыттағы ортақ күш-жігері БҰҰ Бас Ассамблеясы жариялаған Мұздықтарды сақтаудың халықаралық жылы аясындағы мақсаттарды жүзеге асыруға ШЫҰ-ның қосқан нақты үлесі болмақ.