Мектептерде аралық және қорытынды емтихан тапсыру басталды
Бүгін еліміздің мектептерінде аралық және қорытынды емтихандар тапсыру кезеңі басталды. Емтихандар 11 маусымға дейін жалғасады, деп хабарлады Elorda.info Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биыл бірінші рет білім алушылардың оқу бағдарламаларын игеруін, оқу және жазу сауаттылығын айқындау мақсатында 5-8, 10 сыныптар үшін 31 мамырға дейін қазақ тілінен емтихандар өтеді. Емтиханның нақты уақытын оқу орындары өздері белгілейді. Емтихан екі бөліктен тұрады: жазбаша және ауызша. Оқушылар эссе жазады, сондай-ақ, мәтінді оқу, әңгімелесу және мәтінді тыңдап түсіну бойынша өз шеберліктерін көрсетеді.
29 мамыр мен 10 маусым аралағында 9-сыныпты бітірушілер үшін қорытынды емтихандар өтеді, ал 11-сыныпты бітірушілер 28 мамыр – 11 маусым аралығында емтихан тапсырады.
Ақтөбе облысынан 9 мектеп, Атырау облысынан 20 мектеп және Солтүстік Қазақстан облысынан 5 мектеп оқушылары бұл өңірлерде табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялануына байланысты аралық және қорытынды аттестациялаудан босатылды, - деп атап өтті ведомствоның баспасөз қызметі.
Қорытынды аттестациядан барлығы 340 мыңнан астам 9-сыныпты бітірушілер, сондай-ақ биыл 11-сыныпты бітіруші 186 мың оқушы өтеді.