Maqsut Narikbayev University биыл 700 түлек бітірді
Астанадағы Maqsut Narikbayev University 2024 жылғы түлектерінің бітіру кеші өтті, деп хабарлады Elorda.info.
Биыл оқуды 694 студент тәмамдады, ал оның 39-ы – шетелдік студент. MNU студенттері QAA арқылы аккредиттелген, яғни Ұлыбританияның жоғары білім беру сапасының стандарттарына сәйкес келетін дипломдарын қолдарына алды. Бұл туралы университеттің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Мереке дәстүрлі түрде университеттің орталық Фемида алаңында өтті. MNU Провосты Сергей Пен бірінші кезекте сөз алып, түлектерді университетті аяқтауымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Әрбіріңіздің жаһанды жақсартуға атсалыса алатындығыңызға кепіл болатын дипломдарыңызды қолдарыңызға алдыңыдар. Біз баршаңызға сенім артып отырмыз, ал жетістіктеріңіз жақындарыңызға, біздің университетке мақтаныш болатыны анық. Өмірлік және кәсіби жолда даналық пен абырой биігіне көтеріліңіздер, - деді Сергей Пен.
Сондай-ақ MNU студенттері бар ықыласпен Отан үшін еңбектенуге, патриотизм, адалдық пен әділдікті алға тартуға ант берді. Дәстүр бойынша Фемида мүсінінің жанындағы Орталық алаңға «жұлдыз» қойылып, бұл түлектер буыны университет тарихына мәңгілікке енді.
Іс-шара барысында арнайы шақырылған қонақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдарбек Ходжаназаров сөз сөйледі.
Сіздер үздік университеттің шәкіртісіздер! Егер сіз өз ортаңыздың ең ақылдысы болып көрінсеңіз, демек, қоршаған қауымыңызды өзгертуіңіз керек. Әрдайым өзіңізден әлдеқайда ақылды, тәжірибелі адамдармен сөйлесіңіз. Баршаңызға бақыт тілеймін. Бұл жаһан қанша кең көрінгенімен, сіздер алар асу алда!,- деді Мәжіліс депутаты.
Салтанатты шараның хедлайнері ретінде көпке танымал әнші Дастан Оразбеков ән шырқады.