00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Маңғыстау облысында 160 сотталған қоғамдық жұмыстарға тартылды

17 қыркүйек, 2024
Сабина Кәкімжан Сабина Кәкімжан
Маңғыстау облысында 160 сотталған қоғамдық жұмыстарға тартылды
Фото: Polisia.kz

Биыл Маңғыстау облысында есептегі 160 сотталған қоғамдық жұмыстарға тартылды, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

«Облыс бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің пробация қызметі жазасын өтеушілердің қоғамдық пайдалы жұмыстарға тартылуын бақылауды жүзеге асыруды жалғастыруда. Бұл жұмыстар арнайы біліктілікті қажет етпейді, қоғамдық орындарда ұйымдастырылады және сотталғандардың жазасын өтеумен қатар, өз өңірінің дамуына нақты үлес қосуына мүмкіндік береді», - деп жазылған хабарламада.

Қазіргі уақытта Маңғыстау облысы пробация қызметінің есебінде қоғамнан оқшауланбай жазасын өтеп жүрген 900-ден астам адам бар. Жыл басынан бері олардың 160-ы қоғамдық жұмыстарға тартылды.

«Мұндай шаралар сотталғандардың оңалуына және өңірдің қоғамдық өміріне қатысуына ықпал етеді. Соңғы мысалдардың бірі – сот шешімімен Ақтау қаласындағы «Green City» компаниясына 60 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылған Аслан К. Ол күн сайын қаланың көшелерін тазалауға, ағаштар мен бұталарды кесуге көмектеседі. Оның еңбегі қалалық аумақтарды абаттандыру үшін маңызды, ал өзі осы жұмыстар қоғамның сенімін қайтаруға мүмкіндік бергенін мойындады», - деп жазылған хабарламада.

 

 «Жұмыстағы әрбір минут мені қоғамға пайдалы екенімді сезінуге негіз болады», - деді Аслан.

Қоғамдық жұмыстарға тарту процесі пробация қызметіне сот үкімі күшіне енгеннен кейін 10 күннен кешіктірілмей басталады. Жазаның мерзімі сотталған адамның қоғам игілігі үшін нақты жұмыс істеген сағаттарымен есептеледі.

 «Қоғамдық жұмыстар сотталғандарға өмірін қайта қарауға мүмкіндік береді. Олар пайдалы бола алатынын және болашағын өзгерте алатынын түсінеді. Біз барлық тапсырманың заң аясында және уақытылы орындалуын қатаң қадағалаймыз», -  дейді пробация қызметінің инспекторы Қайсар Забиханов.