00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Лудоманиядан айығуға бола ма

10 желтоқсан, 2024
Сабина Кәкімжан Сабина Кәкімжан
Лудоманиядан айығуға бола ма
Фото: Жасанды интеллект фотоиллюстрациясы

Қазіргі кезде бәс тігіп, оңай жолмен ақша тауып, құмар ойынға құныққандардың саны азаймай тұр. Астанада оның алдын алуға бағытталған күрес кешенді түрде жүргізіледі. Бүгінгі таңда лудоманиямен күрес мақсатында «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының бастамасымен Jarqyn bolashaq жобасы жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Jarqyn bolashaq жобасы жасөспірімдер мен жастарға құмар ойындарға пайдалы балама табуға және алаяқтардан қорғануға көмектеседі. Жоба аясында психологтар мен аддиктологтар дәріс оқиды. 

 «Кездесу барысында құмар ойынға тәуелділіктің алдын алу жолдары тақырыбында сөз қозғалады. Өмірлік құндылықтар туралы да айтамыз. Құндылықтар жеке тұлғаның белсенді позициясын дамытуға, өзін-өзі тануға, өскелең ұрпақтың дүниетанымын қалыптастыруға негіз болады. Мұндай дәрістер жастардың құқықтық сауатын арттырады», - деді аддиктолог Азамат Жаманқараев.

Оның айтуынша, көп жағдайда баланың жағымсыз әдетінің пайда болуына бірден-бір себеп – жаман орта. Құмар ойындарға тәуелділік қалтаны жұқартумен қоса, ата-анасы мен жақындарына да қиындық алып келеді.

«Бала өзіне жауапкершілік алмайды, яғни, ойнауды жалғастырады. Ал қарызды ата-анасының мойнына іле береді. Тіпті қарызы барын жасыруы да мүмкін. Тығырықтан шығу үшін несиеге қолма-қол ақша алады. Бір сөзбен айтқанда, қарызға белшесінен батқанын білмей қалады. Оның түбі есірткіге апарады.Бүгінгі таңда 16-17 жастағы балалар құмар ойындарға тәуелді болып жатыр. Егер адам өзінің іс-әрекетін бақылай алса, онда ол ойынды тоқтады. Ал бақылау жасай алмайтындар – тәуелді адам. Егер ол күніне 2-3 сағат компьютерлік ойындар ойнап, сабағына үлгеріп, достарымен араласып, қоғаммен байланыста болса, онда оны тәуелді адам деп айта алмаймыз», - деді маман.

Сөз арасында аддиктологтан жастар арасындағы құмар ойындарға тәуелділікпен қалай күресу керектігін сұраған едік.

«Адам өзіне толық жауапкершілік алу керек, барлығын ата-ананың мойнына асып қоймаған жөн. Тапқан ақшасын дұрыс мақсатта жұмсап, жоспарлай алуы қажет. Күнделікті уақытының бір бөлігін спортқа арнауды ұмытпағаны дұрыс. Бастысы араласатын ортасын дұрыс таңдауы тиіс», - деді ол.

Жылдам байып кету бағытындағы мотивациялық үгіт-насихаттар мен букмекерлік компаниялар жарнамасының көп болуы да адамға әсер ететінін сөзсіз.

«Баланың құмар ойындарға тәуелділігін мынандай белгілерден білуге болады. Біріншіден, ол ойын ойнау уақытын бақылай алмайды. Мысалы, ата-анасы жарты сағат ойын ойнауға рұқсат берсе, ал бала екі сағаттың қалай өтіп кеткенін байқамай қалады. Екіншіден, оның көңіл-күйі құбылмалы болады. Тіпті агрессия танытуы мүмкін. Үшіншіден, баланың виртуалды достары пайда болуы. Төртіншіден, баланың күн тәртібі бұзылады», - деді ол.

Азамат Жаманқараев ата-ана баласының ойынға тәуелділігін байқаған кезде арнайы мамандарға жүгінуге кеңес береді.

«Құмар ойындарға тәуелділікті жеңуге болады. Ол үшін соңына дейін күресу керек. Ал егер күреспесе, оның соңы аурухана, түрме, өліммен аяқталады. Әсіресе өзге емес, өзі үшін құмар ойындарға тәуелділікпен күрескісі келетін жандар қалыпты ортаға тез оралады», - деді ол.

Құмар ойындар –  елімізбен қоса, бүкіл әлемді алаңдатып отырған проблема. Қоғамның дерті саналатын лудоманиядан аулақ болу үшін жастар ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүрмей, адал еңбек етіп, бейнеттің берекесіне бөленгені абзал.

«Егер ойыншының қарызы болса, онда оны жасырмай, ата-анасына болмаса жақынына айтып, түсіндіру керек. Ешқашан өтірік айтпау қажет. Тәуелділіктің түрлері көп қой. Мәселен, әлеуметтік желіде көп уақыт өткізетін болса, онда алғашқы кезеңде бақылау қойғаны жөн. Салауатты өмір салтын ұстану қажет. Жоспармен жүрген адам өмірде өз орнын табады», - деді ол.

Тағы бір айта кетерлігі, жасөспірімдердің көбісі компьютерлік ойындарға – тәуелді. Мінеки, сол бағытта аддиктолог маман астаналық оқушыларға тренингтер өткізіп, зияны туралы түсіндіреді.

«Күнделікті кешкілік дастарқан басында ата-ана баласымен тілдесіп, күні бойы немен айналысқанын сұрап отыру қажет. Сондай-ақ мұнда олар бір-бірімен алдағы жоспарларын бөліседі. Бір қарасаңыз, бұл көп уақытты қажет етпейді, бірақ ол баланың дұрыс бағытта болуы үшін маңызды рөл ойнайды. Одан бөлек, ата-ана баласымен табиғат аясында серуендеп, бірге уақыт өткізуі тиімді. Бір сөзбен айтқанда, «мұғалім-оқушы-ата-ана» үштік одағы мықты болуы тиіс», - деп сөзін түйіндеді Азамат Жаманқараев.