Ұлттық ұланның 23 офицері магистр атанды
Астанадағы Ұлттық қорғаныс университетінде магистрлік білім алған Қазақстан Республикасының және көршілес Тәжікстан, Қырғызтан елдерінің күштік құрылымдары офицерлерінің салтанатты шығарылымы өтті, деп хабарлады Elorda.info.
Бұл туралы Ұлттық ұланның баспасөз қызметі мәлімдеді.
Салтанатты шарада Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов әскери-ғылыми білімін жетілдірген магистранттарды құттықтады.
Тәуелсіз еліміздің армиясы құрылған күннен бастап нормативтік-құқықтық базаны қалыптастыру, ұйымдық-штаттық құрылымды оңтайландыру және әскерлерді техникалық жарақтандыру мәселеріне ерекше ден қойып келеді. Сонымен қатар, әскери кадрларды дайындаудың көп деңгейлі жүйесін құру —басым бағыт болғанын атап өткен жөн. Бүл қадам бүгінде өзін толықтай ақтап, оң жемісін беруде! – деді Қарулы күштер Бас штабының бастығы.
Атылмыш жоғары әскери оқу орны жыл сайын жедел-стратегиялық және жедел-тактикалық басқару буындарына мамандар дайындап шығарады.
Ұлттық қауіпсіздік және әскери істер магистрі дәрежесіне ие болған 158 офицердің 23-і Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланынан жіберілген болатын. Олар магистратуралық білім беру бағдарламасына сәйкес, теориялық оқытудан бөлек, әскери тағылымдаманың толық курсынан өтті.
Құқықтық тәртіп әскерінің жаңа магистранттарын құттықтау үшін шығарылым салтанатына Ішкі істер министрінің орынбасары — Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақанов келді. Еркін Советбекұлы Мемлекеттік аттестаттау комиссия өткізген қорытынды аттестаттау барысында жоғары білімдерін көрсетіп, әскери оқу орнын сәтті аяқтаған офицерлерді жаңа статустарымен құттықтады.
Төл әскеріміздің қатары магистрлік білімі бар офицерлермен толығып отыр. Еліміздегі ең беделді әскери оқу орнынан алған білімдеріңіз бен біліктіліктеріңізді Ұлттық ұланның алдына қойылған міндеттерді орындау барысында оңтайлы қолданасыздар деп сенемін, - деді Бас қолбасшы.
Ұлттық қорғаныс университетінің Ұлттық ұлан факультетін 2023 жылдың ақпан айынан бері полковник Савердин Имиров басқарады. Савердин Карлович факультеттің биылғы, яғни он бірінші шығарылымына қатысты ойымен бөлісті.
Магистранттар әскерді оперативті тактикалық басқару және қызметтік-жауынгерлік қызметін қамтамасыз ету кафедраларында білім алды. Бірінші аталған кафедрада батальоннан бастап жоғары деңгейдегі командирлер оқытылса, екінші кафедрада тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар, тыл, техника және қару-жарақ офицерлері біліктіліктерін шыңдады. Олар енді Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының басқармаларында, өңірлік қолбасшылық басқармаларында офицерлік, аға офицерлік лауазымдарға тағайындалады, полк командирлерінің орынбасары, штаб бастықтары қызметін атқарады. Академияға да екі офицер кетіп жатыр, бірі оқытушы болып, екіншісі оқу батальонының командирі ретінде. Бәріне сәттілік тілеймін, - деді факультет басшысы.
Салтанатты шара Қорғаныс министрлігі мен ІІМ Ұлттық ұланының ән-би ансамблінің концерттік бағдарламасымен аяқталды.