00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Ұлттық Банк қазақстандықтарға ескерту жасады

25 сәуір, 2024
Торғын Аман Торғын Аман
Ұлттық Банк қазақстандықтарға ескерту жасады
фото: Elorda.info

Қазақстан Ұлттық Банкі жасанды интеллектті қолданушы алаяқтардың көбейіп келе жатқанын ескертті. Олар өз құрбанының туысы, жақын адамы немесе танымал медиа-тұлға болып дауысын салатын болған, деп хабарлады Elorda.info.

Адамның шынайы дауысын пайдалану үшін алаяқтар мессенджерлердегі (WhatsApp, Telegram және т.б.) аккаунттарды бұзып, дауыстап айтылған хабарламаларды көшіріп алып, оларды нейрондық желіге жүктейді, не болмаса дауыс өзгертетін технологияларды қолданады. Кейін смартфон иесінің дауысы ақша жіберуді сұрайтын өтінішке айналып, дауыстық хабарлама түрінде жіберіледі, тіпті сол адамның атынан мәтінмен де келуі мүмкін.

Смартфонға бұзып кіру үшін алаяқтар ұялы байланыс операторының техникалық қолдау қызметінен деп қоңырау шалып, телефонға келген кодты айтуын сұрайды. Зиян тигізетін сілтемелер балалар байқауына дауыс беру немесе әлеуметтік маңызы бар тақырыптарда сауалнамаға қатысуға шақыру түрінде де жіберілуі мүмкін.

Жасанды интеллекттің әртүрлі құралымен мессенджерлерде «күштік құрылым өкілдерінің» (ҚР ІІМ, Бас прокуратура және т.б.) атынан бейнеқоңырау шалып, азаматтарды Қазақстан Ұлттық Банкімен «бірлесіп жасалатын» төлем операцияларына қатысуға үндейді. Әңгіме барысында резервтелген ұяшықтың немесе брондалған қаражаттың қағаздары деп Ұлттық Банктің атынан жалған құжат ұсынады. Азаматтардың сеніміне кіру үшін жалған құжаттарда мемлекеттік органдардың немесе жеке компаниялардың «уәкілетті адамы» қойған қолы мен оның аты-жөні және басылған мөрі көрсетіледі», - делінген хабарламада.

Ұлттық Банк мобильді телефонды бұзып кіруге жол бермес үшін күдікті сілтемелерге өтпеуге, телефонға келген код пен парольді ешкімге айтпауға және жібермеуге кеңес береді.

Ұлттық Банктің қызметкерлері мессенджер арқылы аудио/видеоқоңырау шалмайды. Банк қызметкері болып қоңырау шалған адаммен арадағы әңгімені үзіп, қандай да бір шараға немесе төлем операцияларын жүргізуге қатысудан бас тартыңыз.

«Ұлттық Банк жеке тұлғалардың шотына қызмет көрсетпейтінін, ақша құралдарын сақтандырумен айналыспайтынын және халықпен ақшалай есеп айырысу операцияларын жүргізбейтінін еске саламыз. Егер сіз немесе танысыңыз алаяқтың құрбаны болса, Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына жүгінуге, арыз жазуға кеңес береміз», - деді Ұлттық Банктің баспасөз қызметі.