Ұлттық статистика бюросы фермерлерге үндеу жасады

31 шілде, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Ұлттық статистика бюросы фермерлерге үндеу жасады
Фото: ortcom.kz

1 тамызда Қазақстанда Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы басталады. Санақ парақтарында көрсетілетін барлық ақпарат құпия болып табылады. Ол салық органдарына, полицияға немесе басқа да мемлекеттік құрылымдарға берілмейді. Барлық деректер «Мемлекеттік статистика туралы» заңмен қорғалған және тек жалпыланған түрде – елдің аграрлық саласындағы жағдайды талдау үшін пайдаланылады. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары Әсел Шәуенова мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Ауыл шаруашылығы санағына тартылған әрбір қызметкер ақпаратты жария етпеу туралы міндеттемеге қол қояды, ал мәліметтерді сақтау жүйелері ақпараттық қауіпсіздіктің барлық талабына сәйкес келеді», - деп сендірді Әсел Шәуенова. 

Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары тамыз айында 1446 нөмірі бойынша бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істейтінін айтты. Ол тәулік бойы қолжетімді және оның ішінде ауылшаруашылық санағы мәселелері бойынша жеке қолдау желісі бар. Сарапшылар сауалнаманы толтырудағы қиындықтар немесе техникалық мәселелер немесе сауалнама бөлімдерінің мазмұнын түсінбеу жайында кез келген сұрақтарға жауап береді. Санақ қорытындылары кезең-кезеңімен шығарылатын болады: алдын ала деректерді осы жылдың желтоқсан айында, соңғы деректерді 2026 жылы жариялау жоспарланған.

«Барлық ауыл шаруашылығы өндірушілеріне және жеке қосалқы шаруашылық басшыларына айтарымыз – санаққа қатысу бұл сіздің ел ауыл шаруашылығы дамуына ықпал ету мүмкіндігіңіз. Сіздің жауаптарыңыз қоймалардың қай жерде салынатынына, қандай субсидиялау бағдарламалары әзірленетініне және басқа да маңызды шешімдерге ықпал етеді. Санаққа ірі кәсіпорындардың, фермерлердің және шаруа қожалықтарының барлық өкілін қатысуға шақырамын. Оны sanaq.gov.kz сайтында онлайн режимінде өтіңіз, бұл аз уақыт алады, бірақ бүкіл аграрлық саланың дамуына көмектеседі», - деп түйіндеді Ә.Шәуенова.