Ұлттық ұлан курсанты оқулық әзірледі

30 мамыр, 2025
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Ұлттық ұлан курсанты оқулық әзірледі
Фото: ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Петропавлдағы Ұлттық ұлан академиясының 4-курс курсанты Александр Карпенко педагог-психологтың кәсіби болмысын қалыптастыруға арналған оқулықтың авторы атанды, деп хабарлады Elordainfo.kz

Ол бұл оқу құралын ғылыми жетекшісі әрі педагогика ғылымдарының кандидаты, оқу орнының профессоры Амангелді Имановпен бірге әзірлеген.

Оқу құралы «Педагог-психологтың кәсіби болмысын қалыптастыру технологиясы» деп аталады. Онда болашақ офицердің кәсіби қызметін қалыптастыру технологияларының әдіснамалық негіздері қамтылған. Бұл еңбек қазіргі уақытта магистратурада оқитын тәлімгерлер арасында сынақтан (апробациядан) өтіп жатыр.

Оқу құралына қазақстандық және шетелдік ғалымдардың осы бағыттағы еңбектері негіз болған. Сонымен қатар, онда диагностикалық құралдар үлгілері де келтірілген.

Бұл оқу құралы авторлық құқықпен қорғалған. Енді ол педагогика мен әскери сала түйіскен тұстағы кәсіби даму мәселелерін зерттейтін мамандар үшін құнды әдістемелік құрал болмақ.

Айта кетейік, Александр Карпенко Шымкент қаласының тумасы. Бала кезінен ол әкесі сияқты әскерде қызмет етуді армандады.

Қазіргі уақытта Александр академияны автомобильмен қамтамасыз ету саласындағы командалық-тактикалық мамандығы бойынша оқуын аяқтап жатыр.