Әулие Валентин күнін тойлау қаншалықты дұрыс?
Әулие Валентин күнін тойлау қаншалықты дұрыс?
Бұл күн елімізде 90-шы жылдардан бастап аталып өте бастады да, содан бері табандап тұрып алды. Сырты жылтыр, іші әлемтапырық мерекесымақтың мән-мағынасына үңіліп жатқан әлі ешкім жоқ. Мәселен, Философия, саясат және дінтану институтының саяси зерттеулер орталығының ғылыми қызметкері Дина Қызырбек «бұл күн ресми мереке болмағандықтан аса қауіп төндіре қоймас» деген ойын айтты.
Жалпы, Әулие Валентин күні Еуропадан келген леп екені белгілі. Бұл күнді жастар көп жылдардан бері мейрам ретінде кеңінен тойлап жүр. Қазақстан демократиялық ел болғандықтан, аталған күнді тойламауға қатаң шектеулер жоқ. Елімізде басқа да әртүрлі атаулы күндер, кәсіби мерекелер жеке-жеке аталып өтіп жатады ғой, солардың қатарында Әулие Валентин күні де бар. Өз басым, бұл мейрамды жастар өз орталарында атап өтуін аса ерсі нәрсе деп есептемеймін. Жалпы, екі жастың бір-біріне сезімін білдіріп, сый-сияпат жасауы үшін қай күн де тамаша емес пе? Тіпті, арнайы бір күнді күтіп жүрудің не қажеті бар? Күнделікті жаныңызға жақын жанға көңіл бөліп жүруге болады ғой, - дейді Д.Қызырбек.
Ал Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің аға оқытушысы Жақсыгүл Исаева жастардың әлі күнге бұл күнді тойлап жүргенінің себебі – оның тарихын жетік білмегендіктен екенін айтты. «Ғашықтар күні қажет болса, өзіміздің 15 сәуір – Қозы Көрпеш – Баян Сұлу күні бар емес пе?» - дейді сарапшы.
Жастар үшін махаббат мерекесі болғаны дұрыс. Біздің елімізде осы Әулие Валентиннің орнын алмастыру үшін 15 сәуір - Қозы Көрпеш-Баян Сұлу күні деп белгіленді. Бірақ алдыңғысы сияқты дүрілдеп кетпеді. Ұлттық құндылығымыз өз дәрежесінде дәріптелмеді. Егерде Қозы Көрпеш-Баян сұлу күні мемлекеттік дәрежеде тойланатын болса, батыстан келген мерекелердің барлығы ұмыт болушы еді.
Дәріптеу демекші, Әулие Валентин, яғни ғашықтар күнінің жастарды еліктіретін идеясымен қоса сыртқы қызылды-жасылды әлемімен де тартымды. Махаббаттың символы ретінде түрлі ашық хат, гүлдер, ойыншықтар, тәттілер ұсынылады. Кафелер мен ресторандарда арнайы ұйымдастырылатын кештер де бозбала мен бойжеткендерге «менмұндалап» тұрады.
Нарықтағы өнімді сатушылар да осы мүмкіндікті пайдаланып қалуға тырысады. Міне, солардың маркетингтік ұтқыр тәсілімен көп жарнамалануының нәтижесінде Әулие Валентин күні қоғамда әсіре қызық болып тұр. Ал дайын өнім мен қызметтерді ұсынатын тараптар нарықта Қозы Көрпеш - Баян Сұлу күнін де дәл солай неге дәріптемейді? Меніңше, бұл күнді де ұлттық құндылығымызға сәйкес жарнамалауға әбден болады! – дейді Ж.Исаева.
ФСДИ институты, Дінтану орталығының аға ғылыми қызметкері Еңлік Қасабекова жастардың Әулие Валентин, Хэллоуин сияқты мерекелерге әуес болып кетуінің себебін ұлттық идеологиямыздың жоқтығымен байланыстырды. Сарапшымыз, сондай-ақ, «Әулие Валентин күнін тойлатқымыз келмесе тыйым салайық, заңды түрде шешілсін» деп кесіп айтты.
Өкінішке орай, жастар үшін бұл мереке қызық болып отыр. Мәселенің төркіні алыста жатқанын олар білмейді. Жалпы алғанда, қоғамда жастарды жетелейтін ұлттық идеология жоқ, ұлттық дәстүрді ұлықтайтын заманауи телебағдарламалар жоқ. Адамдар да жақсы дүниелерді қарамайтын, елемейтін болып алған. Дінге бет бұрған жастармен қатар, дінсіздікке бағыт алған жастар да көп. Әрине, әркім өзі үшін жауапты, дегенмен жасы 60-қа келсе де, ақылы кірмегендердің де қатары көбейгені қынжылтады. Ақыл-ойы толық жетілмеген ұрпақтың санасына дұрыс тәрбиені сіңірудің орнына бұрыс нәрселерді құйып жатқанымызды байқамаймыз. Бүгінде жастарға не керек? Жастарға барлық жағынан еліктейтін көшбасшы керек, оң бағытқа сілтейтін ақылшы дос керек. Ол үшін ресми түрде Ғашықтар күнін белгілеп беріп, тойлану үрдісін неге көрсетпеске? Ғашықтық туралы фильмдер көрсетіп, конкурстар ұйымдастырайық. 14-ші ақпандағы мерекенің біздікі емес екенін түсіндіріп, дұрыс жол сілтейік. Мұның бәрі - мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, жастар саясаты бөліміндегі басшылар жанашырлық танытса ғана алға жылжитын істер.Тоқ етері, Әулие Валентин күнін тойлатқымыз келмесе, заңды түрде тыйым салайық, - дейді Е.Қасабекова.
Қорыта келгенде, сарапшыларымыздың бірі «бұл жай әшейін мереке емес пе, онда тұрған не бар?» десе, екіншісі бір күннің өзі ұрпағымыз үшін қауіп төндіретінін айтты. Өйткені осындай «сүрініп кетіп, бүлініп жүрген тағдырлардың» артында еркін неке мен некесіз бала көбеймей ме? Оның үстіне, бұл күн жалғыз жандар үшін психологиялық күйзеліс тудырып, жастар арасында бәсекелестікке от тастайтыны тағы бар. Демек, бұл күн - барлық адамға бірдей қуаныш сыйлайтын күн емес.