Ұландықтар 101 жастағы соғыс ардагеріне құрмет көрсетті


Алматыда Ұлттық ұланның әскери қызметшілері Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында 101 жастағы майдангер отставкадағы полковник Қамбар Сәрсеновтің шаңырағына барып, ардагерді мерейлі мерекесімен құттықтады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Кеңес Одағының Батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөлімінің командирі полковник Мақсат Баймағұлов бастаған ұландықтар және Ардагерлер кеңесінің төрағасы запастағы майор Берік Алмағамбетов Қамбар Сәрсеновтің шаңырағына арнайы барып, еселі еңбегі мен ғибратты ғұмырын айрықша атап, ардагерді биыл аталып өтетін Жеңістің 80 жылдығымен құттықтады. Бұл туралы Ұлттық ұланның баспасөз қызметі мәлімдеді.
Кездесу барысында соғыс ардагері Қамбар Әмірұлына Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының және Ардагерлер кеңесінің атынан Алғыс хат пен сый-сияпат табыстады.
«Бүгін біз соғыс ардагері Қамбар Сәрсенов ақсақалды құттықтауға келдік. Жыл сайын ардагерге құрмет көрсету біздің дәстүрімізге айналды. Біз олардың ерліктерін үлгі етіп, өскелең ұрпақты тәрбиелейміз. Өкінішке орай, ардагерлердің қатары азайып келеді. Сондықтан біз әрқашан оларды назардан тыс қалдырмай, қамқорлық танытып көңілдерін аулауға тырысамыз», - деді әскери бөлім командирі полковник Мақсат Баймағұлов.
Өр рухты майдангердің терезесі астында әскери оркестр аты аңызға айналған «Жеңіс күні», «Славянмен қоштасу» марштарын, сондай-ақ «Смуглянка» және «Катюша» композицияларын орындады. Ұландықтар сондай-ақ батыр ардагердің үйінің алдынан салтанатты шерумен жүріп өтті.
Қамбар Әмірұлы әскерге 1942 жылы 12 тамызда шақырылды. Ол соғыс жылдары үш рет жараланды. Калинин облысын, Белоруссияны, Латвияны, Литваны, Польшаны азат етуге қатысты. Шығыс Пруссия мен Германия жерінде соғысты. Кенисбергте жаралануына байланысты демобилизацияланды.
Отанға сіңірген еңбегі үшін Қамбар Сәрсенов I және II дәрежелі Ұлы Отан соғысы, II және III дәрежелі «Даңқ», «Қызыл Жұлдыз», «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Кенисбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» орден-медальдарымен наградталған.
1980 жылы наурызда ІІМ жүйесінде 33 жыл жұмыс істегеннен кейін зейнетке шықты. Демалысқа шыққаннан кейін де Қамбар Әмірұлы Алматы энергетика жүйесіне жұмысқа орналасты, онда тағы он сегіз жыл жұмыс істеді.
Сәрсен Қамбар Әмірұлы – ҚР ІІМ, Медеу аудандық ардагерлер кеңесінің және энергетика жүйесінің құрметті ардагері.