Үкімет медициналық инфрақұрылымға кешенді жаңғырту жүргізеді
Қазақстанда медициналық инфрақұрылымды жаңғырту және азаматтарды медициналық сақтандыру жүйесімен қамтуды кеңейту бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр, деп хабарлады Elorda.info ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.
Өңірлерде МӘМС жүйесіне тарту үшін азаматтардың мәртебесін нақтылау жөніндегі жұмысты тиімді үйлестіруге тиісті штабтар құрылды. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова дамыған елдердің тәжірибесі бойынша сақтандыру жүйесі 3 негізгі міндетті шешетінін атап өтті: клиникаларда пациенттерді емдеу үшін ең жақсы жағдай жасау, мемлекеттің, жұмыс берушілер мен қызметкерлердің азаматтардың денсаулығын қорғау жөніндегі ортақ жауапкершілігі, жұмыстың ынтымақты қағидаты есебінен медициналық көмектің барлық түрлерінің қолжетімділігі.
«Қазір Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында біз осы озық тәжірибені тиімді енгізу бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Жүйемен қамтылмаған адамдардың мәртебесін анықтау бойынша жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілуде. 130 мың азамат бойынша жұмыс аяқталды. Жалпы 750 мың адам бойынша шаралар қабылданды. Нәтижесінде әлеуметтік осал топтардағы азаматтар үшін мемлекет, ал жұмыс істейтіндер үшін – жұмыс берушілер мен азаматтардың өздері жарна аударады. Ақылы және тегін медициналық көмектің нақты тізбесінің жоқтығына да назар аударылды. Қарастырылып отырған бағытта азаматтарға бұл тізім қажет болмайды. Олардың міндеті тек жүйеге қатысу. Клиникаларға жүгінген кезде қаржыландыру мемлекеттен «базалық» пакет немесе медициналық сақтандыру қоры тарапынан «сақтандыру» есебінен жүргізілетін болады», — деді Тамара Дүйсенова.
Вице-премьер сонымен қатар ауылдық жерлерде медициналық ұйымдардың жетіспеушілігі мәселесіне тоқталды. Президенттің тапсырмасы бойынша іске асырылып жатқан ұлттық жоба аясында өткен жылы 96 МСАК нысанының құрылысы аяқталды. 321 нысан бойынша жұмыстар жалғасуда. Жалпы, екі жыл ішінде 655 жаңа медициналық мекемесін салу мақсаты қойылған.
«Бұдан басқа, бірнеше ауданды қамтитын көпсалалы ауруханаларды жаңғырту басталды. Облыстарда перинаталдық орталықтар салынуда, республикалық деңгейде жедел медициналық көмекті үйлестіру, телемедициналық консультация беретін және онкологиялық ауруларды емдейтін ірі онкология орталықтары іске қосылуда. Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша үкіметтің бюджеті мен резервінен осы мақсаттарға қажетті қаражат бөлінеді. Бұл мәселе менің жеке бақылауымда. Апта сайын әкімдіктердің жұмысына мониторинг жүргізіледі», — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.
Вице-премьер халықты сапалы және қауіпсіз дәрілік заттармен қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы да айтты. Ол үшін елде дәрі-дәрмектерді таңбалау және қадағалау жүйесі іске қосылады. Тамара Дүйсенова бұл шара дәрі-дәрмек өндіру нарығын, оларды шетелден әкелуді, сатуды толық бақылауға, сондай-ақ контрафактілік препараттармен күресуге мүмкіндік беретініне назар аударды.