Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске бірқатар өзгеріс енгізіледі

5 наурыз, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске бірқатар өзгеріс енгізіледі
фото: Оңалхан Өнерхан

Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Нұржан Әшімбетов айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодексіне өзгерістер енгізу туралы» заң жобаларын ұсынды.

«Аталған заң жобаларын қабылдау қажеттілігі осы Кодекстердің нормаларын Су кодексінің жобасымен үйлестіру, құқықтық реттеудегі олқылықтарды жою және құқық қолдану тиімділігін арттырумен байланысты», -деді ол.

Нұржан Әшімбетов  Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамаға өзгерістер енгізудің негізгі мақсаттарына тоқталды.

«Негізі мақсаттар «көлеңкелі су нарығын» жою, су пайдалану шарттарын сақтау, су ресурстарының ластануы мен сарқылуын болдырмау, гидротехникалық және су шаруашылығы құрылыстардың қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету. Заң жобасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 10 бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді, сондай-ақ 359-1 жаңа бабын қосуды көздейді, ол гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілікті белгілейді»,- деп түсіндірді ол.

Осыған байланысты заң жобасы келесі негізгі өзгерістерді қарастырады:

- Санкцияларды күшейту;

- Су қорының мемлекеттік меншігін бұзу туралы баптың құрамын нақтылау (141-бап);

- Суды қорғау ережелерін бұзу бойынша, әсіресе тазарту құрылыстарымен қамтамасыз етілмеген объектілердің құрылысына бақылауды күшейту (358-бап);

- Су объектілерінде, су қорғау аймақтары мен белдеулерінде заңсыз құрылыс жүргізгені үшін жауапкершілікті қатаңдату (360-бап).

«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына түзетулерді енгізу жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу барысында Су кодексі жобасында көзделген су ресурстарын қорғау мен пайдалануға қатысты жаңа тәсілдерді іске асыру қажеттілігінен туындады.

Осы аспектіде Каспий теңізінің қазақстандық секторын қоспағанда, Арал теңізі шегінде оның ерекше экологиялық мәртебесін ескере отырып, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге, сондай-ақ мемлекеттік органдардың жерасты су ресурстарын басқару жөніндегі өкілеттіктерін шектеуге тыйым салынады»,- деді ол.