«Әкенің міндеті ақша табу ғана емес»: астаналық Әкелер одағы төрағасымен сұхбат

15 маусым, 2025
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
«Әкенің міндеті ақша табу ғана емес»: астаналық Әкелер одағы төрағасымен сұхбат
Фото: freepik.com

Әкелер күні мерекесіне орай Elordainfo.kz тілшісі  Әкелер одағы Астана қаласы филиалының төрағасы Бекдайыр Күзембаймен әңгімелесті. Ол бала тәрбиесіне қатысты өзекті сауалдарға жауап берді.

Бекдайыр Күзембай елімізде ер азаматтардың отбасын материалдық жағынан қамтумен ғана шектеліп, бала тәрбиесін анаға ғана жүктеп қоюды құптамайтынын айтты.

«Елімізде әкелердің баланың материалдық  қажеттілігін өтеумен шектеліп жатқаны жиі кездеседі. Әкенің міндеті ақша табу ғана емес, сонымен қатар перзентінің тұлғалық, рухани, эмоционалды дамуына жан-жақты қолдау көрсету. Ол баласының ішкі дүниесіне терең үңілетін әрі тыңдайтын, үлгі болатын, шынайы қамқор, жауапкершілікті сезінетін адам болуы керек. Сондай-ақ сенімді дос ретінде балаға бағыт-бағдар сілтеуші болуы қажет. Мұндай болу үшін әр азамат дайындалуы керек. Мысалы, отбасы туралы кітаптар оқығаны жөн», - деді Бекдайыр Нығметұлы.

Фото: спикердің жеке мұрағатынан

Ол бүгінде қоғамның ең үлкен дертінің бірін айтты.

«Қазіргі қоғамда бала тәрбиесіне қатысты бірнеше күрделі мәселе байқалады. Олар: уақыт тапшылығы, ата-аналар жұмысбасты, цифрлық тәуелділік. Балалар көп уақытын смартфонға телміріп өткізіп, шынайы өмірден алыстап жатыр. Бұл баланың тәрбиесіне кері әсерін береді. Одан бөлек, қазіргі қоғамның ең үлкен дерті – ажырасу санының артуы. Бұл баланың психологиясына тікелей әсер етеді. Ол мұндай стресті өте ауыр қабылдайды. Өйткені әкесінің не анасының қамқорлығы мен сүйіспеншілігін өгей әке не болмаса өгей ана бере алмайды», - деді ол.

Қоғамда ерте отбасын құратын жастар да бар. Осы орайда ата-ананың жасы бала тәрбиесіне әсер ете ме деп сұраған едік.

«Кейбір жастар ерте есейіп, ерте өзінің ата-аналық жауапкершілігін сезінетіні қоғамда кездеседі. Бұл – қуантарлық жағдай. Мұнда жас ата-ананың өмірлік тәжірибесі бала тәрбиесіне әсер ететіні сөзсіз. Жас ата-ана кейде эмоцияға тез беріліп, сабыр мен шыдамдылық таныта алмауы мүмкін. Дегенмен де олар баламен бірге өсіп, бірге үйренеді. Бастысы  – жасқа қарамай ата-ана болу жауапкершілігін сезіну», - деді Бекдайыр Күзембай.

Ол сондай-ақ Әкелер одағының қандай жұмыс атқарып жатқанына тоқталды.

«Әкелер одағы» бірлестігінің басты мақсаты – қоғамда әке рөлін нығайту, отбасы құндылықтарын дәріптеу, әкенің бала тәрбиесіндегі белсенділігін арттыру, оларға психологиялық-құқықтық және әлеуметтік қолдау көрсету.  Бала тәрбиесіне қатысты әртүрлі семинар, кездесу, жиын өткіземіз. Мұнда білікті мамандар, психологтар білгенімен бөлісіп, пайдалы кеңестер айтады. Жастарға отбасылық құндылықтар жайлы дәріс оқимыз. Жалғызбасты әкелерге құқықтық, заңдық көмек беріледі. Сондай-ақ мекептерде  әкелер үшін футбол, волейболдан жарыстар өтіп тұрады. Біз Білім басқармасымен бірлесіп көптеген іс-шара өткіземіз. Мәселен, былтыр елордалық мектептерде ата-аналармен түрлі басқосу, форум, семинар ұйымдастырдық. «Әкелер одағы» бірлестігі атынан  10-11 сынып оқушыларына арналған ашық сабақтар ұйымдастырдық», - деді Әкелер одағы төрағасы.

Әңгіме барысында «әке баласына күніне қанша уақыт көңіл бөлуі керек?» деген сауал қойдық.

«Мұнда уақыттан бұрын сапа маңызды деп ойлаймын. Мысалы, кем дегенде бір-екі сағатты балаға арнау өте құнды деп айтамыз. Бұл кезде телефонды өшіріп тастап, баламен бірге ойын ойнау, әңгімелесу, үй тапсырмасын орындау, бірге кітап оқу. Бұл балаға «мен сені бағалаймын» деген сезімді сыйлайды. Қазір кейде 1-2 сағат уақыт та бөле алмайтын ата-аналар бар. Онда кем дегенде кейде 15 минуттық сапалы қарым-қатынас та пайдалы. Бала әкесін асқар тау, қорған ретінде көреді. Бастысы санда емес, сапада. Кез келген азамат әке болу өте жауапты дүние екенін түсінген дұрыс», - деді Бекдайыр Қүзембай.

Бүгінде Бекдайыр Нығметұлы жұбайымен 4 қыз және 1 ұлды өсіріп отыр.

«Үш қызым – студент, Одан кейінгі қызым  5-сыныпты, ұлым 2-сыныпты бітірді. Қыздарым анасына, ұлым маған қарап өсіп келеді. Біз балаларымызды қарапайым, мейірімді болуға тәрбиелейміз. Көпке топырақ шашудан аулақпын, алайда біздің қоғамда отбасында қыз баланы төмендетіп, ұлды еркелетіп өсіру бар ғой. Біздің отбасымызда ондай жоқ. Себебі «Жақсылықты ұлдан көресің бе, қыздан көресің бе?» деген сөз бар ғой. Жұбайым екеуіміз қыздарымызды да, ұлымызды да бірдей тәрбиелеп келеміз. Мәселен, қыз баланы қалай сыйлау керегін сүйікті жарым арқылы көрсетіп отырамын. Жұмыстан қандай көңілкүймен келсем де, отбасыма сүйіспеншілікті көрсетуімді сүйікті жарымнан бастаймын. Балаларым осыны көріп өседі. Әр нәрсе отбасынан басталады емес пе? Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі. Көбінесе көп нәрсені сөзбен емес, іспен көрсетіп отырамын. Олардың қатарында жолдасыма сый-құрметпен қарау, бөтен сөз сөйлемеу, дастарқан басында жақсы отыру, мәдениетті болу бар», - деді ол.