00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға 100 миллиард теңге бөлінеді

23 қараша, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға 100 миллиард теңге бөлінеді
Фото: Сенаттың баспасөз қызметінен

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті, деп хабарлады Elorda.info.

Онда депутаттар Мемлекет басшысының тиісті ұсынымына сәйкес Жоғарғы Сот судьясын қызметтен босату туралы мәселені қарады. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі мәлімдеді. 

 Отырыс барысында сенаторлар 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет және Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы заңдарды да қарады және өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.

Палата отырысында Мейрамбек Таймерденов Жоғарғы Сот судьясы қызметінен босатылды. Сенаторлар тиісті шешімді ел Президентінің ұсынымын қарау нәтижесінде қабылдады. Аталған кандидатура Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің отырысында алдын ала талқыланғанын атап өткен жөн.

Сенат отырысына елдің Премьер-Министрі, Ұлттық Банктің Төрағасы, Жоғары аудиторлық палатаның Төрағасы, Үкімет мүшелері, сондай-ақ, мемлекеттік органдардың және ұлттық компаниялардың басшылары қатысты.

«Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2024-2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заңда жыл сайын Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан республикалық бюджетке 2 трлн теңге трансферт қарастырылған. Бұл республикалық бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз етуге және Ұлттық қордың тұрақтандыру функциясын іске асыруға мүмкіндік береді. Құжатты қарау нәтижесінде сенаторлар заңды мақұлдады. Енді аталған заң қол қою үшін Мемлекет басшысына жіберіледі.

Сенат Төрағасы атап өткендей, қаралған «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңда әлеуметтік бағытқа басымдық берілген. Мемлекеттік шығыстардың шамамен 40 пайызы осы салаға бағытталмақ.

Адами капиталды дамыту, білім беру мен денсаулық сақтау жүйелерін жетілдіру, бизнес пен агроөнеркәсіптік кешенді қолдау үш жылдық бюджеттің маңызды басымдықтары екенін атап өткен жөн. Бюджетте аса маңызды инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды іске асыруға қажетті қаражат та қарастырылған. Өңірлерді дамытуға 7 триллион теңгеден астам қаржы жұмсалады. Ауылдық жерлерде кәсіпкерлік бастамаларды қолдау үшін келесі жылы 100 миллиард теңге бөлінеді. Осындай мақсат-міндеттерді іске асыру экономиканың өсуін және азаматтарымыздың өмір сүру сапасын арттыруды қамтамасыз етуге тиіс. Бүгін сенаторлар инфляцияны тежеу, шағын және орта бизнесті қолдау, инфрақұрылымды дамыту сияқты бірқатар маңызды бағыттарға қатысты өзекті мәселелерді көтерді. Осы орайда Үкімет мүшелерінен депутаттар назар аударған барлық мәселені алдағы жұмыста ескеруді сұраймыз, - деді Мәулен Әшімбаев.