00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

JolTap жобасы арқылы сұранысқа ие мамандықтарды тегін оқи аласыз

JolTap жобасы арқылы сұранысқа ие мамандықтарды тегін оқи аласыз
Фото-коллаж: Elorda.info

JolTap жобасы арқылы кез келген мамандықты бір айда меңгеріп шығасыз. Елордалықтар осы жобаға қатысып, мобилограф, смм, таргет секілді трендтегі мамандықтарды үйреніп жүр. Сонымен қоса, олар сол бағыт бойынша жұмысқа орналасып жатыр.

Бұл жобаға 18 - 50 жас аралығындағы астаналықтар қатыса алады. Қала әкімдігінің қолдауымен жүзеге асып жатқан жоба аясында тұрғындар бос жұмыс орындары мен цифрлық дағдыларды игеру мүмкіндіктері бойынша тегін кеңес ала алады.

Бүгінгі күнге дейін қала тұрғындары цифрлық және жұмысшы мамандықтарды меңгеріп, жұмысқа орналасуда. Солардың бірі – Маржан Бауыржан. 35 жастағы келіншек бүгінде жолдасы екеуі 4 баланы тәрбиелеп отыр.

Мен 10 жылдан бері бала күтіміне байланысты декреттік демалыстамын. Бала-шағама, отбасыма өзім киім-кешек тіккім келетін.  Бір күні әлеуметтік желіден осы хабарландыруды көріп қалдым. Содан дереу қаладағы пункттердің біріне барып, тігінші курсына жазылдым. Арада көп уақыт өтпей курсты бастап кеттім, - деді елордалық тұрғын.

Көпбалалы келіншек бір айдың ішінде тігіншілікті толық меңгеріп шыққан.

Курс бір ай бойы, күнделікті өтеді.  Кіріспе сабақта тігін тігудің негізін және түрлерін үйрендік. Одан әрі киімді пішу мен тігуді көрсетті.  Оқыту процесі өте қызықты өтті. Оқытушылар барлығын қарапайым тілмен түсіндіріп берді. Кейін алған білімді іс жүзінде көрсетіп, үйретті, - деді ол.

Ал курсты аяқтаған соң сертификаттар табысталады.

Бұл жобаның көпке тигізер пайдасы мол. Әр адам аз уақытта тегін мамандық игере алады. Болмаса қосымша біліктілігін арттырады. Менің ойымша,  тігін тігуді әр келіншек білгені абзал. Осы жобаның арқасында жаңа орта, жаңа таныстар таптым, - деді Маржан Бауыржан.

Қысқа мерзімді оқытуға жазылу қаладағы «Баршаға мүмкіндік» модульдік пунктерінде өтеді. Мұндағы мақсат – елордалықтардың табысын арттыруға жағдай жасау.

«Баршаға мүмкіндік» модульдік пунктері Астана қаласындағы мына мекенжайлар бойынша орналасқан:

«Ailand», Қорғалжын тас жолы, 2;

«Magnum» супермаркеті, Еділ көшесі, 26;

«Жастар» сарайы, Республика даңғылы, 34;

«Тұлпар» СО, Ш. Уәлиханов көшесі, 24;

«Euromall» СҮ, Қосшығұлұлы көшесі, 23;

«Встреча» СҮ, Абылай хан даңғылы, 31;

«Mechta» СҮ, Сығанақ көшесі, 3;

«Asia Park» СОО, Қабанбай батыр даңғылы, 21;

«Саянұр» базары, Тілендиев даңғылы, 24/5;

«Big Шанхай» базары, Алаш тас жолы, 32а.