Ішкі істер министрлігі үздік мерген әйелдерді анықтады

5 наурыз, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Ішкі істер министрлігі үздік мерген әйелдерді анықтады
Фото: polisia.kz

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында ҚР ІІМ-нің 38 әйел қызметкері ату даярлығынан жарысқа қатысып, шеберліктерін көрсетті, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Ішкі істер министрлігінің орталық аппаратының әйел қызметкерлері мергендік шеберліктерін сынады. «Алатау» спорт кешенінің тирінде ұйымдастырылған бұл сайысқа 19 бөлімшеден 38 қызметкер қатысты. Олар нысананы дәл көздеумен қатар, Мерген кодексін жетік меңгергенін дәлелдеді.

Жарысты Ішкі істер министрлігі «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамымен бірлесіп ұйымдастырды.

Жарыс кезеңдері:

- Бірінші кезең – нысанаға 8 рет ату;

- Екінші кезең – жылдамдыққа ату: 20 секунд ішінде 5 рет оқ ату.

Жарыс нәтижелері:

- Бірінші кезеңнің үздік мергені – Қаржымен қамтамасыз ету департаменті басқарма бастығының орынбасары Меруерт Бекмұрзаева.

- Екінші және үшінші орын – ҚАЖК аға инспекторы Анастасия Фомина және бас криминалист Татьяна Сергеева.

Екінші кезеңде ең үздік атанған – ҚАЖК аға инспекторы Зиля Досанова.

Жүлделі орын иегерлері – аға жедел уәкіл Айнұр Мырзаханова мен Кадр саясаты департаментінің аға инспекторы Анель Байғазинова.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдармен, дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Айта кетейік, биыл ақпан айында ІІМ арнайы бөлімшелерінен құралған әйелдер командасы Дубайда өткен беделді халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, әйелдер командалары арасында екінші орын иеленді.