«Тойда бата беріп жүр»: ҚМДБ өкілі бас имамға қатысты сынға жауап берді

12 маусым, 2025
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
«Тойда бата беріп жүр»: ҚМДБ өкілі бас имамға қатысты сынға жауап берді
Фото: Скрин видеодан

Сәкен Майғазиевтің ұлының тойына ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының қатысып, бата беруі  әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«БҚО-да бес бала өртеніп өлгенде жаназаларына бармаған, Ақтауда ұшақ апатқа ұшырағанда құран бағыштамаған, Астанада автобус апатынан шынашақтай қыз екі аяғынан айырылғанда жүрегі сыздамаған Бас мүфти бүгін Сәкен Майғазиевтің ұлының тойында бата беріп жүр. Той дегенде қу бас домалайды деген рас-ау?!», - деп журналист Диас Нұрақын өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

  

Осыған қатысты ҚМДБ баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы пікір білдірді.

«Имамдар онсыз да қайғының бел ортасында жүреді. Міндеті. Бірақ оны ешкімге міндетсімейді. Бес бүлдіршіннің қазасына бәріміздің ет жүрегіміз езілді… Қос аяғынан айырылған қыздың да тағдырына қатты алаңдадық. Діни басқарма бұл оқиғалардан тағы да тыс қалған жоқ. Имамдар қоғам алдындағы міндетін ешкімге жарияламай-ақ атқарып жатыр... Өмір тек қайғыдан тұрмайды. Бас мүфтидің қаралы жиында ғана емес, қуанышты басқосуларда да төбе көрсетіп, бата беруі орынды іс!», - деп жазды Ағабек Қонарбайұлы.