Еуропа елдеріне кіріп-шығу ережелері өзгерді: қазақстандықтар нені білуі керек

2025 жылдың 12 қазанынан бастап Шенген аймағына кіретін Еуропа елдерінде кіру-шығу жүйесі (EES) кезең-кезеңімен енгізіле бастайды. Жаңа электронды жүйе үшінші елдердің, соның ішінде Қазақстан азаматтарының төлқұжатына қойылатын дәстүрлі мөртаңбаларды алмастырады. Сондай-ақ шетел азаматтары суретке түсіп, саусақ іздерін тапсыруға міндетті болады, деп хабарлады Elordainfo.kz Еурокомиссияға сілтеме жасап.
Жаңа ережелер визасыз кіру құқығы жоқ үшінші елдердің азаматтарына қатысты. Олар Еуропаға қысқамерзімді сапарларды қамтиды. Шекараны алғаш рет кесіп өткен кезде туристер суретке түсіріледі және саусақ іздері алынады. Бұл биометриялық деректер жүйеде үш жыл бойы сақталады.
Саусақ іздерін қайта тапсыру талап етілмейді. Жаңа фотосурет жеткілікті болады. 12 жасқа толмаған балалар дактилоскопиялық рәсімдерден босатылады.
Жүйе кірген және шыққан күндерді автоматты түрде тіркеп отырады. Сонымен қатар, саяхатшының Еуропалық Одақ елдерінде қанша уақыт болғанын бақылап отырады. Егер болу мерзімі бұзылса, бұл ақпарат деректер базасында сақталады. Биометриялық деректерді беруден бас тартқан жағдайда сізді Еуропаға кіргізбейді.
Бұл жаңашылдықтың мақсаты – қауіпсіздікті арттыру және шекарадан өтуді жылдам әрі ашық ету. Еурокомиссияның мәліметінше, жаңа жүйе заңсыз миграциямен және құжаттарды қолдан жасаумен күресуге көмектеседі.
2025 жылғы 12 қазаннан кейінгі алты ай ішінде Еуропа елдері жүйеге кезең-кезеңімен қосылады. 2026 жылдың көктеміне қарай EES барлық өткізу пунктерінде жұмыс істеуі тиіс.
Сонымен қатар, 2026 жылдан бастап ЕО-да ETIAS жүйесі жұмыс істей бастайды. Бұл визасыз елдердің азаматтары үшін электронды кіру рұқсаты. Ол қысқамерзімжі сапарларға арналған және сапар басталғанға дейін онлайн түрде рәсімделеді.
Болашақта Еуропалық Одақ визалық жүйені толық цифрлық форматқа көшіруді жоспарлап отыр. 2028 жылдан бастап Шенген елдері визаларды онлайн түрде рәсімдеуді бастайды.