Елордада боччадан Қазақстан чемпионаты аяқталды
Астанада боччадан III Қазақстан чемпионаты аяқталды, деп хабарлады Elorda.info.
Бочча федерациясының баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, Жақсылық Үшкемпірів атындағы жекпе-жек сарайында өткен жарысқа 12 облыстан 89 спортшы қатысқан. Сопртшылар жеке, жұптық және командалық сайыстарда өз өнерлерін көрсетті.
Жасөспірімдер арасындағы жекелей сында жетісулық Аманай Батхонов пен Мұратхан Мадиярдың, павлодарлық Ульяна Кудинованың, Маңғыстау облысынан Азамат Аманш пен Ардақ Алтынбасов жақсы нәтиже көрсетті. Олар өз классификациясында бірінші орынды жеңіп алды.
Ересектер арасында Абай ауданынан келген Балжан Бөлекпаева мен Руслан Ерембаев, жетісулық Қуаныш Асқарбеков, астаналық Итиана Шыңғысханова, Павлодар облысынан Александр Құрмантаев, Қарағанды облысынан Аружан Жеңіс, астаналық Темірлан Алтынсары мен Алматыдан келген Елмирәлі Мұсәлі үздік нәтиже көрсетті.
Биыл алғаш рет өткізілген жұптық және командалық сайыстардың жеңімпаздары анықталып жатыр.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, еліміздегі боччаны дамытуда айтарлықтай ілгерілеушілік бар.
Жыл сайын біз қатысушылар мен жанкүйерлердің артып келе жатқанын байқап отырмыз, бұл осы спорт түріне деген қызығушылықтың артқанын көрсетеді. 2023 жылмен салыстырғанда биыл қатысушылар саны екі есе артты. Бочча спортшылардың физикалық жағдайын жақсартады және олардың әлеуметтенуіне оң әсер етеді. Федерацияның құрылғанына биыл 3 жыл болды. Бүгінде ұйымның 10 филиалы жұмыс істейді. Спортшыларымыз әлемдік деңгейдегі ірі турнирлерге қатысып жүр, біз Халықаралық Бочча федерациясының бір тірегіне айналдық, - деді Қазақстан Бочча федерациясының вице-президенті Назым Жанғазинова.
Сонымен қатар Назым Жанғазинова инклюзивті қоғамды дамытуға үлес қосатын еріктілер желісінің іске қосылғанын айтты.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қолдағысы келетін және тұтастай алғанда, инклюзивті қоғамды дамытқысы келетін азаматтарды біздің волонтерлар қоғамдастығына атсалысуға шақырамын, - деді Бочча федерациясының өкілі.
Айта кетейік, бочча - доппен ойын, тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар мен ересектерге спортта өзін-өзі көрсетуге мүмкіндік беретін бірнеше паралимпиадалық спорт түрлерінің бірі.