«Елорда кубогы»: Астанада бәйге түрлері бойынша республикалық жарыс өтті
Астана қаласының маңындағы Талапкер ауылында «Бәйге» түрлері бойынша республикалық жарыс өтті, деп хабарлады Elorda.info.
Шабандоздар жеті шақырымдық жорға жарыс, жеті шақырымдық құнан бәйге, 15 шақырымдық топ бәйге, 22 шақырымдық аламан бәйге бойынша сынға түсті. Жарысқа еліміздің 17 облысы мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан келген спортшылар қатысты.
Бәйге десе ішкен асын жерге қоятын қазақ халқына ат спорты өте жақын. Өйткені сан ғасырлар бойы жылқы күнделікті қазақ халқының тіршілігінде біте қайнасып кеткен. Сондықтан та Астана қаласында ат спортын дамытуға барынша көңіл бөлініп келеді. Бүгінгі «Елорда кубогына» еліміздің барлық өңіріне 120-дан астам тұлпар қатысып жатыр. Өздеріңіз білетіндей, қыркүйек айында IV Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтеді. Бүгінгі бәсеке сол жарысқа дайындық десе болады. Барлығына сәттілік тілеймін, - деді, Астана қаласының Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлері федерациясының президенті Ерлан Каналимов.
Жарыстың жалпы жүлде қоры – 30 млн теңгені құрады.
Жорға жарыс (7 шақырым). 15 қатысушы
1 орын – Дастан Алыбакасов («Ақжауын, Абай облысы) — 2,5 млн.тг
2 орын – Арнат Мұратхан («Салкүрең», ШҚО) — 1,5 млн.тг
3 орын – Евгений Сибисов («Аквамарин», Қарағанды облысы) — 1 млн.тг
Қырғызстанның тумасымын. Былтыр Қазақстаннан ұсыныс алып, осында өнер көрсетіп келемін. Биылдыққа 2 рет жарыс жолына шығып, Абай облысында күміс жүлдеге ие болсам, бүгін чемпион атақ бұйырды. Өте қуаныштымын. Бірақ жаңбырдан кейін жарыс жолы өте қиынға соқты. Енді 3 тамыз күні Дүниежүзілік көшпенділер ойынының іріктеуіне қатысамын, - деп 18 жастағы Дастан Алыбакасов эмоциясымен бөлісті.
Құнан бәйге (7 шақырым). 28 қатысушы.
1 орын. Арнат Мұратхан («Найза», Астана қаласы) — 2,5 млн.тг
2 орын. Бекзат Ділдәхан («Қарлығаш», Алматы облысы) — 1,5 млн.тг
3 орын. Абзал Тұрғанбек («Ұлар», Алматы облысы) — 1 млн.тг
Топ бәйге (15 шақырым). 30 қатысушы.
1 орын. Арнат Мұратхан («Шайкүрең», Астана қаласы) — 4 млн.тг
2 орын. Жанболат Жасұзақұлы («Кемеңгер», Астана қаласы) — 2 млн.тг
3 орын. Абзал Тұрмыс («Мамлюк», Алматы облысы) — 1 млн.тг
Бәйге (22 шақырым). 37 қатысушы.
1 орын. Арыс Жанаров («Көкшақай», Қарағанды облысы) — 5,5 млн теңге
2-орын. Бекзат Ділдәхан («Сайгон», Алматы облысы) — 3,5 млн теңге
3-орын. Ертөс Исламнұр («Бәйтерек», Астана қаласы) — 2,5 млн теңге
4-орын. Дарын Сайлауғазы («Жел», Абай облысы) — 1 млн теңге
5-орын. Алдияр Ердосұлы («Қарлығаш», Астана қаласы) — 500 мың теңге
Қыркүйек айында IV Дүниежүзілік көшпенділер өтеді. Бағдарламаға бәйге жарысы да енген. Бұйырса, 3 тамыз күні Павлодар және 11 тамыз күні Алматы қаласында іріктеу турнирі өтіп, жүлдегерлер ел намысын қорғайды. Бүгін ресми турнирдің алдында тұлпарлар дайындықтарын пысықтап жатыр десе болады. Мысалы, «Бәйге» сайысында Қазақстан чемпионатының бірнеше мәрте чемпионы «Сайгон» атты тұлпар қатысуда, - деп жарыстың бас төрешісі Нұрлыбек Мұхамедияров өз пікірін білдірді.