Елімізге жаз маусымы басталғалы бері 250 мыңға жуық турист келген
Жаз басталғалы елімізге келген шетелдіктер саны 3 есеге артты, деп хабарлады Elorda.info Мәдениет және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
«еQonaq» ақпараттық жүйесінің дерегі бойынша 1 маусым мен 23 шілде аралығында еліміздің қонақ үйлерінде 250 468 шетел азаматы тоқтаған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3 есеге артық. Былтыр осы уақытта 77 645 шетелдік туристер отандық қонақ үйлерде демалған, - деп жазылған хабарламада.
ТМД елдерінен 180 мың турист келген. Мәселен, Моңғолия – 11,6 есе (489-дан 5 683-ке дейін) Қытай – 8,5 есе (2 223/ 18 954), Үндістан – 4,7 есе (1 245/5 887), Оңтүстік Корея – 3,8 есе (939/3 585), Иран – 3,8 есе (237/897), Германия – 3 есе (1 659/5 054), АҚШ – 2,2 есе (1 237/2 761) өсті.
Шетелдік туристердің елімізде демалуға келетін басты бағыттары – Алматы қаласы (1 маусым мен 23 шілде аралығында – 77 308 турист), Астана қаласы (38 463 турист), Алматы облысы (19 049 турист) және Маңғыстау облысы (15 062 турист).