Елімізге керқұландардың жаңа тобы әкелінді

4 маусым, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
Елімізге керқұландардың жаңа тобы әкелінді
фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Қазақстанға жаңа керқұландар тобы әкелінді. Бұл - «Жабайы жылқылардың оралуы» жобасы аясындағы екінші халықаралық тасымал, деп хабарлады Elordainfo.kz Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.

Жаңа керқұландар тобы Прага хайуанаттар бағы мен мажар Hortobágy ұлттық паркінен әкелінді. Жануарлар «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерватының аумағындағы жабайы тұяқтыларды реинтродукциялау орталығындағы кең қашаларда бір жыл ұсталады. Кейін жабайы табиғатқа жіберіледі. Орталықта жылқыларды жайғастыратын қажетті инфрақұрылым мен күтіп қарайтын мамандар бар. 

«Қазақстандағы биоәралуандықты сақтау жұмысының жетекші органы ретінде табиғатымызды қалпына келтірудегі осындай маңызды кезеңді басқару — біз үшін асқан құрмет. Бір жылдық жұмыстың керемет нәтижесі — екінші топ керқұландар аман-есен келіп жетті, ал бірінші топ әбден көндігіп, «Алтын Дала» мемлекеттік резерватының инспекторларының қорғауымен жабайы табиғат тіршілігіне толық дайын», - дейді Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев.

фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Осымен Прага хайуанаттар бағы Чехия әскерімен серіктестікте керқұландарды Орталық Еуропадан Қазақстанға екінші рет тасымалдап отыр.

«Еуропалық хайуанаттар бақтары мен асыл тұқымдыларды өсіретін орталықтардан келген бұл жылқылар жабайы табиғатта жергілікті популяция құруға негіз болады. Тіршілікке бейімді әрі генетикалық алуан түрлі популяция қалыптаспайынша, алдағы жылдары осы күрделі жобаны жалғастыруға барынша тырысамыз», — дейді Прага хайуанаттар бағының директоры Мирослав Бобек.

Бірінші топ 7 бас керқұлан Қазақстанға 2024 жылғы маусымда келді. Орталықтың мамандары мен мал дәрігерлері жыл бойы жылқыларды бақылады. Жануарлар алғаш рет Торғай даласындағы -30 °C аязды қысын аман-есен қыстап шықты. Қажетті ветеринарлық тексерулерден өтті. Умбре мен Веспе деген екі биеге жануарларды босатқаннан кейін қозғалысын бақылайтын GPS-қарғыбауы тағылды. Босатылған жылқыларды қорғау және бақылау жұмысын мемлекеттік инспекторлар мен АСБК қызметкерлері орындайды.

2029 жылға дейін Торғай даласына жануарлардың одан әрі көбейіп, тұрақты популяция түзуіне жетерліктей 40–45 бас жылқы әкелу жоспарда. Қостанай облысының оңтүстігіндегі «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерваты жайылым жері жақсы, суы бар болғандықтан жерсіндіру орны боп таңдалды. Жабайы табиғатқа жібергеннен кейін жылқылардың қауіпсіздігін мемлекеттік инспекторлар қамтамасыз етеді.

Керқұлан (Кертағы) — әлемдегі жабайы жылқылардың ақырғы түрі. Ол XX ғасырдың ортасына қарай жабайы табиғаттан құрып кетті. Содан бері түрді қалпына келтіру бағдарламаларына зоопаркілерде сақталған бүкіл керқұланның үлесі тиді.