Еліміздің қай өңірлерінде орман өрт сөндіру станциясы жетіспейді

15 сәуір, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
Еліміздің қай өңірлерінде орман өрт сөндіру станциясы жетіспейді
фото: t.me/KZgovernment

Бүгін Үкімет отырысында экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев 2025 жылғы өртке қарсы маусымға дайындық бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндама жасады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Министрдің мәліметінше, еліміздегі орман өрт сөндіру станцияларының жартысы өткен ғасырдың 50-60 жылдары салынған.

«Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында орман өрт сөндіру станцияларының жетіспеушілігі байқалады, ал оның жартысы өткен ғасырдың 50-60 жылдары салынған. Облыстардың жергілікті бюджеттеріне эмиссия үшін төлемдер түскенімен олар жаңа орман өрт сөндіру станцияларын салуға бағытталмаған»,- деді министр. 

Сонымен қатар Ерлан Нысанбаев өрт маусымына дайын болмаған аймақтарды атап өтті. 

«Ағымдағы жылғы 7 сәуірдегі жағдай бойынша Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарының орман шаруашылықтары және «Семей орманы» резерваты өрт маусымына дайын болмады. Министрлік тексеріс нәтижелері бойынша облыс әкімдіктеріне, ағымдағы жылдың 15 сәуіріне дейін, анықталған кемшіліктерді жою және техника мен жеке құрамды толық жауынгерлік әзірлікке келтіру бойынша талаптар ұсынды»,- деді ол.