Елімізде тараған қауесет таксишілердің жүрегін ауыртып қойды

Елімізде тараған қауесет таксишілердің жүрегін ауыртып қойды
Ашық дереккөздерден

Осы аптада қазақстандықтар үшін "селтеткізер" жаңалықтардың бірі – бұқара арасында кең таралған "Chevrolet Cobalt-қа" қатысты болды. Ақпарат құралдары "Яндекс Go-дің өз сервисінен Chevrolet Cobalt көліктерін қуып шығып жатқаны" туралы ақпаратты таратты. Қаңқу сөз лезде ел аралап кеткен еді. Қазақстандық жүргізушілер бұл жаңалық "жүрек қағысын жиілеткенін" әлеуметтік желіде жаза бастады.  

"Яндекс Go" сервисінде Chevrolet Cobalt автомобильдерін пайдалануға алда тыйым салынады-мыс деген хабар қазақстандық жүргізушілерді алаңдатып қойды. Әлеужеліде пост таралып жатыр. Онда 1 мамырдан бастап аталған платформа аталған автокөлік түрін тіркеуді доғаратыны, ал, жыл соңына қарай оларды жүйеден мүлдем жоятыны айтылған. Жарияланым тез-ақ танымал болып шыға келді. Әсіресе, таксишілердің мазасын май ішкендей қылды. Өйткені Chevrolet Cobalt такси қызметіндегі ең кең таралған модельдің бірі саналады", – деп жазды ақпарат агенттіктері.

Жүргізушілерде келесі сұрақтар туындады: "Таксилете алмаса, Chevrolet Cobalt-ты кредитке алып қойғандарға енді не істеу керек?", "Неге мұндай жаңа машинаға тыйым салғанда, шелектей даңғырлаған ескі көліктерге рұқсат етіледі?", "Агрегатор неге осы көлік маркасына шүйлікті?".

"Бұл машина жаман емес, жүреді, салоны да тар емес", – деп жазды көлік иелері.

Ел ішінде көтерілген дүрбелеңге дер кезінде "Яндекс Go" баспасөз қызметі ден қойып, интернеттегі гу-гу сөздің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

Компания таксишілер мен сервисті пайдаланушыларды ресми дерекөздерден алынған мәліметтерге ғана сенуге шақырды.

Компания өкілдерінің хабарлауынша, автомобильдің нақты осы моделіне ешқандай шектеу енгізілген жоқ, ол сол бұрынғыдай тапсырыстарды орындауға тартылады.

Оның үстіне лайықты автокөліктердің өзекті тізімін сервистің ресми дереккөздерінен тауып, танысуға болатынын нұсқады.

"Chevrolet Cobalt-қа тыйым салынғаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Компания Chevrolet Cobalt-ты тіркеуге тыйым салғаны туралы ешқандай ресми мәлімдеме жасаған емес. Осы қауесетті таратқан ресурстар ресми түсініктеме немесе растауды сұрап, компанияға жүгінген емес. Жүргізушілерді және пайдаланушыларды интернеттегі тексерілмеген жарияланымдарға сенбеуге және ресми дереккөздердегі деректермен тексеруге шақырамыз", – деді "Яндекс Go" өкілдері.

Бұған дейін ұқсас "фейктер" өзге елдерде, соның ішінде Ресейде таралған болатын.  

Қалай болғанда, Қазақстанда қазіргі кезде бұл көлік моделінің бағасы арзандап жатқаны байқалады. Мысалы, бұған дейін жаңа "Chevrolet Cobalt" үшін 9 миллион теңге сұрап келген сатушылар оның бағасын 7 миллионға дейін түсіріпті.

Тіпті тегін хабарландырулар сервистерінен енді 4 миллион теңгеге де табуға болады. Тек "шұғыл" және қолма-қол ақшаға сатып алуды талап етеді.

Сонымен қатар, "Kursiv Uzbekistan" порталы ұсталған Chevrolet Cobalt-тардың бағасы Өзбекстанда да құлдырай бастағанын хабарлады.

Өзбекстан Макроэкономикалық және өңірлік зерттеулер институтының мәліметінше, 2025 жылғы наурыз айының қорытындысында Өзбекстанда қолданыста болған Chevrolet Cobalt, Damas сияқты танымал автомобиль модельдерінің бағасы күрт төмендеді.

Атап айтқанда, институттың хабарлауынша, жүріс көрсеткіші орташа Chevrolet Cobalt-тың бағасы 12 мың долларға (шамамен 6,2 миллион теңгеге) дейін, ал, шамалы ғана жүріс көрсеткіші бар жаңалары – 12,7 мың долларға (6,6 миллион теңгеге) дейін кеміді.

Дәл осы модельдің біраз ескірген көліктері Өзбекстанда шамамен 11,5 мың долларға (5,9 миллион теңгедей) сатылып жатыр.  

Айта кету керек, көрші Өзбекстанда Damas атты марканың жүріс көрсеткіші (пробег) орташа автомобильдерін 7,9 мың долларға (шамамен 4 млн теңгедей) табуға болады.