Елімізде әскери және мемлекеттік ұшақтарды жөндейтін орталық ашылады

31 шілде, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
Елімізде әскери және мемлекеттік ұшақтарды жөндейтін орталық ашылады
фото: Air Astana баспасөз қызметі

Бұл туралы премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Үкімет үйінде өткен баспасөз конференциясында айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Премьер-министрінің бірінші орынбасары жақында Airbus компаниясының өкілдерімен кездескен. Ол әуе кемелерін шетелде жөңдету дұрыс емес екенін атап өтті.

«Қазір мемлекеттің үлесі бар «Қазақстан авиация индустриясы» компаниясының қаржылық жағдайы қиын. Компания басшылығына қатысты қылмыстық іс қозғалған. Оған қатысты құқық қорғау органдары шешім шығарады.  Біз Airbus-тың өнімін, соның ішінде ұшақтары мен тікұшақтарын сатып алып отырмыз. Сондықтан да елімізде оларға қызмет көрсететін сервистік орталық болуы қажет. Себебі шетелден сатып алған әуе кемелерін шетелде жөндету тәжірибесі дұрыс емес»,- деді ол.

Роман Скляр Алматы облысындағы тікұшақ жөндейтін зауыттың табысты жұмыс істеп тұрғанын айтты.

«Олар тікұшақтарды күрделі жөндеуден өткізіп қана қоймай, өздері 10-ға жуық тікұшақ шығарды. Оған тиісті лицензиясы бар. Сондықтан осы бағыттағы жұмысты дамыту қажет. Осы мәселемен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі айналысып жатыр. Қорғаныс министрлігі де қолдап отыр. Әуе кемелері елімізде жөнделіп, жаңа жұмыс орындары ашылу керек. Сәйкесінше табыс та өзімізде қалу керек»,- деді ол.

Роман Скляр өз сөзінде, Airbus-тың орталығы «Қазақстан авиация индустриясы» компаниясынан бөлек ашылатынын нақтылап өтті.