Елімізде «Өрт-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды
15-16 мамыр аралығында барлық өңірлерде «Өрт-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізіледі, деп хабарлады Elorda.info.
Бұл іс-шара табиғи өрттер туындаған кездегі іс-қимылдарға басқару органдарының, азаматтық қорғаудың аумақтық жүйесінің күштері мен құралдарының дайындық деңгейін арттыру мақсатында ұйымдастырылады.
Оқу-жаттығуды үйлестіру жөніндегі республикалық штаб Төтенше жағдайлар вице-министрі генерал-майор Ерлан Нұрпейісовтың басшылығымен Абай облысының «Семей Орманы МОТР» РММ Бородулиха филиалының аумағында орналасқан.
«Оқу-жаттығу аясында барлық өңірде профилактикалық іс-шаралар кешені, сондай-ақ әрбір ведомство үшін жеке айқындалған тиісті тапсырмалар бойынша азаматтық қорғау қызметтерімен және құралымдарымен практикалық іс-қимылдар жүргізіледі. Республикалық штаб табиғи сипаттағы төтенше жағдайларға жедел ден қою үшін басқа облыстардан күштер мен құралдарды тарту жөніндегі алгоритмді пысықтайды», - деді ТЖМ баспасөз қызметі.