Елімізде киберполиция қызметі іске қосылды
Елімізде киберполиция қызметі іске қосылды, деп хабарлады Elorda.info.
Астанада бастау алған пилоттық жоба Алматы, Шымкент сынды ірі қалаларда жалғасын табуы мүмкін. Себебі интернет алаяқтардың қулығына құрық бойламай тұр, деп жазады Хабар24..
Астаналық Айнұр айдың, күннің аманында қыруар қаржысынан қағыла жаздады. Жүрегі шайлығып қалғаны соншалық, әлі күнге дейін бұл оқиға туралы айтуға арланып, бізге жүзін жасыруды, дауысын өзгертуді өтінді. Бойжеткен әлеуметтік желіде Британия азаматымен танысқан. Екі ай бойы үздіксіз хат жазған жігіт арудың сеніміне кіреді. Қымбат сыйлық жіберетінін жиі айтады. Алайда шетелдік жігіттің сыйы Айнұрды әуре-сарсаңға салды.
Сонымен жақсы сөйлесіп жүреміз. Бір-екі ай сөйлесіп жүргеннен кейін ол кісі маған айтады: «мен саған жақсы сыйлық жасағым келеді. «Сыйлықтың ішінде не салып жібердің?» деп сұраймын ғой жаңағы жігіттен. Сонда ол айтады: «айфон, сумки там, андай-мындай, аксессуары» дейді ғой. Сосын ертесіне маған компания хабарласады. Компания хабарласып айтады: «сіздің атыңызға солай-солай, подарок келді, сыйлығыңыз келді. Сол сыйлықты алу үшін 319 500 теңге ақша төлеу керексіз» дейді, - деді қала тұрғыны Айнұр.
Қымбат сыйлыққа қызыққан қыз жетпеген ақшаны қарызға алып, 319 500 теңгені терминалдан аударады. Алайда ертеңіне алаяқтар тағы хабарласып, қорапта қомақты ақша барын айтады. Егер тездетіп 1,5 млн теңге салмаса, заң жүзінде жауапқа тартамыз деп қорқытады.
Алданғанын түсінген бойжеткен дереу полицияға жүгіреді. Оның табан ақы, маңдай терімен тапқан ақшасын қайтаруға Есіл ауданының киберполициясы көмектесті. Бұл бөлімше пилоттық жоба ретінде жыл басында құрылды. Құрамында тергеушілер, ІТ маман бар.
Қазіргі уақытта интернет заманында интернет алаяқтық тіркелуі бірінші орында тұр. Пилоттық жоба егер Есіл ауданында болатын болса және де бұл жобаны министрімізге көрсеткен уақытта үлкен қалаларда – Алматы, Шымкентте жалғастыру туралы нұсқау берді, - деді Астана қаласының полиция департаменті бастығының орынбасары Мұратжан Шәкеров.
Алаяқтыққа қарсы киберполиция құрылды.
Бүгінге дейін 234 қылмыс ашылды. Интернет алаяқтық өршіген соңғы кезде мұнда жүгінетіндер саны тіпті өскен. Сондықтан киберсақшылар Астананың басқа да аудандары тұрғындарының арызын қарауға мәжбүр. Шағым egov порталы арқылы немесе кезекші бөлімде қабылданады. Киберполицей банк жұмысын, интернет желісін және криптоәлемді жақсы білуі тиіс. Кейінгі жылдары маман дайындауға ерекше көңіл бөлініп отыр. Ішкі істер министрлігінің академияларында киберқылмыстар бойынша кафедра ашылды. Қабырғасы кеңейгелі отырған бөлімшенің негізін осы кафедралардың түлектері құрамақ. Дегенмен, кедергі де жоқ емес. Әсіресе шетелдік қылмыскерді анықтау қиын.
Жартысынан көп құқықбұзушылықтар, ақшалай қаражаттар немесе шет елдердің банк шоттарына кетеді, яғни, болмаса, криптобиржа саласына кетеді. Криптобиржа да, шет елдердің банк шоттары да біздің елдің заңына бағынбағандығынан, өздерінің арнайы құқықтық нормалары болғандықтан дер уақытында жауап алу қиындық туғызады, - қалалық полиция департаменті тергеу басқармасының аға тергеушісі Аят Естілеуов.
Яғни шекара асқан ақшаны қайтару қияметтің қылкөпірінен өткендей. Шетелде тіркелген құрылғы туралы мәліметті алу үшін халықаралық құрылымдарға шығу керек, дипломатиялық нота жолдау қажет. Нотаны тездеткеннің өзінде бір айдан аса күтесіз. Ал бұл уақытта талай адам алаяқтың арбауына түсіп, сан соғып қалатыны сөзсіз. Киберсақшылар интернет желісінде абай болуға шақырады. Тапсырыс берерде қызмет ұсынушының құжатын сұраған абзал. Немесе бейнебайланысқа шыққан жөн. Және парақшадағы ел пікіріне көңіл бөлу керек. Сондай-ақ банк қызметкері телефон арқылы операция жүргізбейтінін есте сақтаңыз.