Елдегі су қоймаларына 12 млрд текше метрден астам тасқын суы жиналды
Биылғы су тасқыны кезінде Қазақстанның су қоймаларына 12 млрд текше метрден астам су жиналды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 2,5 есе көп. Жиналған су экономика қажеттіліктері үшін пайдаланылады, деп хабарлады Elorda.info.
«Еліміздің су шаруашылығы құрылыстары суды қауіпсіз өткізуді қамтамасыз етті және тасқын суын соңғы жылдары құрғауға айналған сағаларға, көлдерге және басқа да су айдындарына жіберуге мүмкіндік берді», – деді Су ресурстары және ирригация министрі.
Нұржан Нұржігітов министрлік әзірлеген су саласын дамыту тұжырымдамасы тасқын суды басқару бойынша озық елдердің тәжірибелері зерттеле отырып, толықтырылатынын айтты. Бұдан бөлек, тасқын суды басқаруды және құрғақшылық салдарын азайтуды көздейтін ұзақ мерзімді құжат әзірленетін болады.
Сондай-ақ, елді мекендер үшін тәуекелдерді көрсететін тасқын суы қозғалысының электронды картасын және су мен су инфрақұрылымының жағдайы мен мөлшері туралы ақпаратты қамтитын су ресурстарын есепке алудың, мониторингілеудің және болжаудың бірыңғай жүйесін әзірлеу жоспарланып отыр.